Елордада алғаш рет балабақшалардың фотокөрмесі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Мұғалімдер күніне орай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарының қатысуымен «Балабақша – болашаққа бастар жол» атты фотокөрмесі ашылды.
Фотокөрмеге 200-ге жуық фотосурет қойылды. Олар – балалардың, тәрбиешілердің, педагогтардың және Нұр-Сұлтан қаласы балабақшалары басшыларының жарқын, қызықты және мазмұнды өмірлерінің әсерлі иллюстрациялары.
Бүгінгі көрме еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың маңыздылығын көрсетеді. Бұл жерде мектепке дейінгі балаларға тәрбие берудегі педагогтар маңызды рөл атқарады. Олардың еңбегі баға жетпес. Осы ретте аталған көрме Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Көрмеге қойылған жұмыстардан балабақшадағы балалар мен олардың тәрбиешілерінің балабақшадағы өмірлерін көре аламыз, - деді ҚР Ұлттық музейі экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Бейісова.
Фотокөрме мақсаты – еліміздің мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға ат салысу.
Педагогика саласына, Мұғалімдер күніне арналған керемет шара өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының жұмысы, олардың психологиялық ахуалы, тәрбие мен оқыту үдерісі қалай жүзеге асып жатқанын көрме ретінде бүкіл қазақстандық көретініне қуаныштымыз. Елорда балабақшаларының жұмысы басқа балабақшаларға да тәжірибе болсын. Көрмеде біздің балалар қандай ортада тәрбиеленіп жатыр, қандай ортада өсіп жатыр, педагогтар қандай жобалармен жұмыс жасап жатқандығын көрмеден көруге мүмкіндік бар, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Білім беруді жаңғырту орталығының директоры Әлия Мақышева.
Жобаны жасауға қолдау көрсеткендер – Алматы қаласы Білім басқармасы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жаңғырту орталығы.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының балабақша және олардың меңгерушілерімен бірігіп, алғаш рет осындай көрме ұйымдастырып отырмыз. «Балабақша – болашаққа бастар жол» атты фотокөрмесі. Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – бұл балабақшалардың заманауи үлгіде қызмет етіп жатқандығы, ұстаздардың балаларға деген жылы қарым-қатынастары, күнделікті тыныс-тіршілігі, балалардың бақытты сәттерінен кадрларды фотоға түсіру. Балалардың шынайы күлкісі мен жылы эмоцияларын көрсету, сондай-ақ ұстаздардың еңбегін дәріптеу болатын. Бұл ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр, - деп атап өтті көрме ұйымдастырушысы Ардақ Қожатай.
Оның айтуынша, індетке байланысты барлық сақтық шарасын сақтай отырып, осындай жұмыстар кадрға ілінген.
Суреттер балалардың шынайы, күнделікті тыныс-тіршілігінен түсірілді. Көрмеден үш фотографтың қолтаңбасын көруге болады. Олар - Марат Әміров, Нұрбек Қалиұлы және Сәрсенбек Сейітқазы, - деді Ардақ Қожатай.
Сонымен қатар фотокөрмеде қойылған суреттердің авторының бірі жұмысы туралы айтып берді.
Суреттерді түсіру барысында балалар мен тәрбиешілердің қарым-қатынасы жайында, балаларға қаншалықты көңіл бөлінетіндігі, карантин кезінде балабақша келетін балалардың аздығына қарамастан оларға толыққанды көңіл бөлініп, жағдай жасалатындығын, сондай-ақ балабақшалардың деңгейі өте жақсы екендігін байқадым. Бүгінгі көрме 40-қа жуық жұмысым қойылды. Бұған дейін де бірнеше фотокөрмеге қатыстым. Балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнады, - дейді фотограф Марат Әміров.