Елорда мектептеріне 200 мұғалім қажет – Алтай Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласында 200 мұғалім жетіспейді. Бұл туралы бүгін «Білім және ғылым» тақырыбында өткен елорда педагогтарының жыл сайынғы Тамыз кеңесінде қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.  

«Біздің қаламызда 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Мәселені шешу үшін 2018 жылы әкімдік оқытушыларды даярлауға байланысты университеттерге 100 грант бөлінді. Жалпы, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін біртіндеп қадам басуымыз керек. Қазіргі кезде жоғары сапалы оқытушылар құрамын дайындап жатырмыз. Ал 3-5 жылдан кейін өз жұмысымыздың нәтижесін көреміз.  Кадрлардың біліктілігін арттыруға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері «Астана» гуманитарлық колледжінің базасында үздіксіз «колледж-университет» білім беру жүйесі құрылды, - дейді Алтай Көлгінов.

Ол елордаға әлі де болса жаңа мектептер қажет екенін айтты. Өйткені, жылдан-жылға бала саны көбейіп келеді.

«Халық санының өсуіне байланысты жаңа мектептер салу мәселесі өзекті болып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде елордадағы мектептер саны 1,5 есеге артты. Сонда да көбірек қажет. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында 108 мектеп бар. Енді, қыркүйекте 185 мың оқушы білім алуға баратын болады», - дейді қала әкімі.

Оның айтуынша, алдағы бес жылда қалада 40 білім беру нысанын, оның ішінде  жаңа мектептер салу жоспарлануда екен. Бұл мақсаттарға жеке инвестициялар белсенді тартылатын болады.  

«Қазірдің өзінде жеке инвестициялар есебінен 11 мектеп салу жайлы келісімге келдік. Оған 30 миллиард теңге жұмсалады. Соның арқасында жаңа 12 мың орын пайда болады. Бүгінгі таңда қалада 17 мың орын жетіспейді», - дейді Алтай Көлгінов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы