Елорда медицина ұйымдарының жұмысында қандай кемшілік жиі кездеседі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» стратегиялық тұрғыда медициналық қызметтерді сатып алушы болғандықтан, медициналық қызметтерді жеткізушілердің келісімшарттағы міндеттемелерін орындауын және сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізіп отырады.
Елорданың медицина ұйымдарында жіберілген кемшіліктердің 13% жағдайында денсаулық сақтау саласындағы стандарттар мен клиникалық хаттамалар бойынша емдеу-диагностикалау шараларын жасаудан негізсіз бас тартқан. Мысалы, стационарға пациент түсті делік. Оған алдын ала диагноз қойылды, бірақ міндетті түрде жасалуы тиіс 10 талдаудың 9-ы ғана тағайындалған. Мұндай кемшілік жіберу салдарынан адамға қате диагноз қойылуы мүмкін. Қажетті дәрі-дәрмектердің толық спектрі тағайындалмағандықтан, ем нәтижелі болмайды, - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Филиал баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы Қор мониторинг жүргізу шараларына маңызды жаңалық енгізуді – медициналық қызмет көрсету тәртібінің бұзылу жағдайлары мен себептерін анықтауға және ескертуге бағытталған проактивті мониторинг енгізілді.
Мұндай мониторингтің ерекшелігі - бұрмалаушылық анықталған сәтте айыппұл шараларының болмауында. Медициналық қызмет жеткізуші келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған кезде жасалған қорытындыға қол қойылғаннан күннен бастап 45 күнтізбелік күн ішінде анықталған кемшіліктерді түзетуі тиіс. Көрсетілген мерзімде кемшіліктер түзетілмеген жағдайда ғана медицина ұйымына айыппұл салынады.
Медицина ұйымдарының басшылары кемшіліктерді түзетуге берілген мүмкіндікті пайдаланып, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы мен сапаны ішкі сараптау шараларын күшейтуі керек. Сондай-ақ, орта медицина қызметкерлерінің құжаттарды толтыруын, дәрігер тағайындауларының дұрыс, сапалы болуын қадағалап, жүйелі түрде сараптама жүргізіп отыру қажет. Сонда ғана тұрғындарға көрсетілген қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік болады.