Елорда маңында жасыл белдеуді кеміргіштерден қорғау жұмысы жүріп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы «Астана орманы» ЖШС-мен бірлесіп, ақпан айынан бүгінге дейін ағаштарды (алма, долана) кеміргіштерден үркіту заттарымен өңдеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Бұл жұмыс Павлодар тас жолы, Талдыкөл су қоймасы және Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуінің оңтүстік-батыс бағыт кварталдарының аудандарындағы 50 000 жасыл алқапты қамтиды.
Қояндар қыста алма ағаштарының және жасыл белдеудегі басқа да жеміс ағаштарының негізгі зиянкестері болып саналады. Олар әсіресе жас ағаштардың діңдерінің қабығы мен бұтақтарын кеміріп тастайды. Жеміс ағаштарын кеміргіштерден қорғау – жасыл белдеудегі басты міндеттердің бірі. Егер уақытылы шаралар қолданылмаса кеміргіштер ағаштың қурап қалуына себепкер болады. Ағаштарды қорғау үшін қыс мезгілі басталысымен «Астана орманы» ЖШС кеміргіштерді үркітетін препараттармен (креолин) өңдейді.
Қазір жүргізіліп жатқан жұмыстардың тағы бір түрі – елорданың шығыс бөлігіндегі 155 129 ағаштың ұшар басын табиғи түрге келтіру.
Бұл жұмыс ағаштың ұшар басын қалыпты формаға келтіріп қана қоймай, бұтақтардың тепе-тең орналасуын қалыптастыру, ол ағаштардың ұшар басының барлық бөліктерін жарық энергиясымен қамтамасыз етеді және ағаштар мен бұтақтардың ұзақ өмір сүруін (жасартуын) арттыруды жүзеге асырады. Бұл кезде құрғақ, қисық өскен, ауру, тоқылған (үйкелген), сондай-ақ қардан және аяздан сынған бұтақтар жойылады. Қыстың соңында кесу өсімдіктердің көктемде өсуін ынталандырады және өскіндердің тез өсуіне ықпал етеді.