Елорда көшелерінің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріледі
1 желтоқсандағы Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында (Үркер ТМ) орналасқан Е-583 көшесінде адамдарды құтқарған және өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ, Есіл ауданында өрт сөндіруші Саят Абеев пен гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған көшелер бар.
Сондай-ақ, Асқар Забикулиннің есімін батыр қызмет еткен №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру, мекеме алдына бюст орнату ұсынылды. Сонымен қатар, Асқар Забикулиннің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Бұл саябақта бұрын қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат орналастырылған.
Қаланың ономастикалық комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар қарау үшін Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауларына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын. Пәтер Асқардың жұбайына жеке меншікке берілді. (қазіргі уақытта пәтерде әрлеу және одан әрі жиһазбен толықтыру жұмыстары жүргізілуде).
Құтқарушы Аян Кемпіровтың отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетілді. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтың отбасыларына 6 миллион теңгеге несие өтелді.