Елордада ұлттық аңшылыққа қатысты халықаралық конференция өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Аңшылық шаруашылығын жетілдіру және ұлттық аңшылық түрлерін дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Екі күнге жалғасатын шараға «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы Басқармасының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Роман Ким, университет проректоры Қайрат Айтуғанов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Серікбек Дәукей, ҚР Парламентінің депутаттары, шетелдік және отандық ғалымдар қатысты.

«Негізгі мәселе қазақтың тазы және төбет иттеріне қатысты болып отыр. Олардың тұқымын асылдандыру, баяғы асыл тұқымды тазылардың тегін қалпына келтіру, оны Әлемдік кинология орталығына тіркету үшін республика бойынша стандар жасау мәселелері қаралды. Осы жиын негізінде ұлттық тазы мен төбетімізге қатысты бірқатар мәселе шешіледі деп ойлаймын» - дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі Қуаныш Сыздықов.

ҚазАТУ проректоры Қ.Қ.Айтуғанов аңшылық және аң шаруашылығы мамандарын дайындау жөнінде қысқаша ақпарат беріп, заманауи аңшылық шаруашылығы шараларының жаңа тәсілдерін, биотехникалық шараларды жүргізуде және жабайы жануарларды өсіруде жоғарғы технологиялық процесстерді және аңшылық алқаптарды цифрландыру жұмыстарды талап ететінін атап өтті.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев, ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Р.Ким пікір білдірді.

Конференция барысында Қазақстан Республикасының аңшылық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары және ұлттық аң аулау түрлерін дамыту жолдары талқыланды.

Қазақстанда аңшылық шаруашылығы мен аңшылық шаруашылығының даму келешегі туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ.Рыскельдинов баяндама жасады.

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі С.Дәукей халықты жұмыспен қамту және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мәселесіне тоқталды. Қазақ тазы ит тұқымының Ұлттық клубының Президенті Константин Плахов Қазақстанның ұлттық иттерінің тұқымы-қазақы тазы мен қазақы төбетті сақтау және жаңғырту ерекшеліктерін атап көрсетті.

Іс-шараның қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар жетекші аңшылық шаруашылықтарының тәжірибесін кеңінен енгізу және пайдалану, аңшылық шаруашылықтарының қызметін қарқындату, Қазақстан Республикасының биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында қарар қабылдады.

«Біздегі орталықтар тазыны Әлемдік кинология орталығына тіркеуге заңдық тұрғыдан қауқары жоқ. Әлемдік кинологиялық орталық талабы бойынша үш атасы бір-біріне қосылмайтын 8 ұя яғни 64 тазы тұқымын көрсетсе, содан кейін мемлекет болып екі рет халықаралық көрме өткізсе жетіп жатыр. Сол кезде алдын ала тіркеуге рұқсат береді. Содан кейін 5 жыл немесе 10 жыл ішінде осы 64 тазыдан тараған тұқымды ортақ стандартқа келтіру шарт. Мәселе осы жерде басталады. Қазіргі қолданыста жүрген тазының стандарты Слудский, Сабанеев деген кісілердің айтуы бойынша жасалған. Ол жерде тек оңтүстік пен Батыс Қазақстанның тазыларының тұрқы көрсетілген. Ал Солтүстік Қазақстан мен шығыстың ірі, жуан тазылары жайлы ешнәрсе айтылмаған. Содан кейін ол тазыларды сарапшылар бекітпейді, сосын бітті, дау басталды дей беріңіз. Әйтпесе қазірдің өзінде қазақ даласында тазы тұқымдасына жататын 15 мыңға жуық ит бар. Соның ішінен ең жүйрік деген, алғыр деген, ұзын сонар ат соңындағы жүріске шыдап беретін қарулы тазыларды анықтау қиын емес. Мәселе стандарттың толық болмауында әрі еліміздің барлық аймағын қамтитын дұрыс нұсқасының жоқтығында» - дейді этнограф Ұлағат Қанзада.

Конференция аясында ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің шеруі мен Қазақстан фаунасының көрмесі өтті.

Сонымен қатар, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына сапар ұйымдастырылды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы