Елорда кітапханаларының дизайнын өзгерту ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала кітапханаларының оқу залдарына келушілерді көптеп тарту үшін елордада заманауи кітапхана дизайны ұсынылды.
Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов кітапхана дизайны туралы пікірімен мәслихат депутаттарымен бөлісті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты "Вечерняя Астана" газетіне сілтеме жасап.
Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, қазір елордада мемлекеттік және жеке иеліктегі 20 кітапхана бар. Кітап қоры 700 мың дананы құрайды. Статистикаға сәйкес, жылына 70 мыңға жуық тұрақты оқырман кітапханаларға барады. Оқырмандар саны – 540 мың адам.
Бүгінгі таңда басқарма алдында заманауи дизайнерлік шешімдерді енгізу арқылы кітапхана желісін түрлендіру міндеті тұр. Осы идеяларды іске асыру Бөгенбай батыр даңғылындағы 1000 шаршы метрлік ескі кітапхана ғимаратынан басталады. Аталмыш кітапхана күніне мың оқырманға дейін қабылдай алады, қазір білім ордасына бір күнде 50-60 адам келеді.
Оқу залы 5-10 %-ға ғана жұмыс жасайды. Кітапхана көлемі үлкен, сондықтан оқырмандарды тартуымыз керек. Осыған ұқсас жоба басқа қалаларда іске асырылды. Мәселен, Алматыда балалар кітапханасы заманауи үлгіде жаңарып шықты. Егер бұрын оған орта есеппен 40 адам келсе, қазір келушілер саны 1400-ге жетті, - деді Нұрлан Сыдықов.
Жобаның эскиздері бойынша дәстүрлі кітапханалар форматынан алшақтау туралы шешім қабылданды. Ол бойынша заманауи залдар ыңғайлы орындықтары, демалу алаңдары мен тамақтану бөлмелері бар коворкинг орталықтарына ұқсайды. Сонымен қатар, кітапхана интерьер жарақтарымен толықтырылып, ашық түстермен безендірілген. Мәслихат депутаты Аман Аюпов өз сөзінде оқырмандарды тартудың басты өлшемі ретінде дизайн емес, кітапхана мазмұны және қызықты әдебиеттер болуы керек деген пікір білдірді.
Кітап толтыру тұрғысынан халықаралық тәжірибені қолдануымыз керек. Көркем әдебиет пен техникалық әдебиеттерді қамтитын жақын, алыс шетел кітапханаларына қосылуға болады. Қазіргі таңда бізде техникалық кітаптардың аздығы байқалады. Сонымен қатар, көптеген оқу орындары оқулықтардың кез-келген түріне қол жеткізе алмайды. Егер басқа елдердегі кітапханалар қолжетімді болса, аудиторияның қызығушылығы артады, - деді ол.
Нұрлан Сыдықов кітап қоры жиі жаңарту мүмкіндігі болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайынғы жазылым болса да, кітаптар қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді.
Біз жыл сайын белгілі бір қаражат бөліп, әдебиеттерді сатып алуымыз керек. Сонымен қатар кітаптарды қайта жазып шығып, әртүрлі жастағы оқырмандар арасында танымал әдебиеттерге талдау жасауымыз керек. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілдегі кітап қорын көбейту. Бүгінгі таңда әдебиеттің тек 28%-ы мемлекеттік тілде, қалған кітап қоры орыс тілінде. Сондықтан біз бұл көрсеткішті теңестіруіміз керек. Бұл бағытта жаңа тәсілдер жеткіліксіз, бірақ аталмыш мәселе бойынша тәжірибе алмасу үшін шетелге қызметкерлерді жіберуге болады, - деді басқарма басшысы.
Депутаттар бұл бағытта денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауды ұсынды. Осылайша, медициналық тақырыптағы кітап көрмелерін емханаларда өткізуге болады. Бірақ бұл үшін басшылық тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін анықтай отырып, жұмыс тұжырымдамасын жасауы керек.