Елорда келер жылы түтіннен арылады – Назарбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaqstan» арнасына берген сұхбатында елорданы газдандыру ісі туралы айтты.
Бүгінге дейін оңтүстіктен мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Газ астанаға ғана емес, Қарағандыға, Жезқазғанға, Петропавлға, Көкшетауға дейін баратын болады. Қазір елордалықтарды газбен қамту үлесі 30 пайыз болса, келер жылы толық газбен қамтылады. Содан кейінгі негізгі мақсат – электр жүйесінде тұрған жылу және электр орталықтарын газға ауыстыру. Себебі кейінгі кездері қаланы түтін басып кететін болды. Мұны жою үшін қазандықтардың бәрін газ құбырына ауыстырамыз, - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмыстар келесі жылға дейін атқарылатынын айтты. Елбасы сонымен бірге қала құрылысына қатысты пікір білдірді.
Көзім түскен жерді жөндеңдер деп айтып отырамын. Қала әкімімен жиі кездесемін. Дегенмен, кейде дұрыс жасалмай жатқан кезде қынжыламын. Бұл қалада сәулетті ғимараттар көп болуы керек, әр әкім өзінің ізін қалдыруы тиіс. Ойдан шықпайтын мәселе, қазіргі бір қабатты үйлерден тұратын қалашық бұрын қаланың сыртында болатын, бүгінде ортасына кірігіп кетті. Барлық жерде мұнаралы нысандар болуы тиіс емес, әрине, бірақ қаланың ортасында елордаға лайықты ғимараттар болуы керек, - дейді Тұңғыш Президент.
Айтуынша, биыл қалада 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.
Айта кетейік, Елорда күніне орай Ұлттық арнадан Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатына негізделген «Nur-Sultan. Қолтаңба» деректі фильмі эфирге шықты. Жобада Елбасы астананың құрылу тарихына, шаһардың болашағына қатысты сұрақтарға жауап берді.