Елорда іргесіндегі жаңа ипподром құрылысы неге тоқтап тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл басында елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев өзінің Instagram-дағы парақшасында бірнеше суретпен бөлісіп, елордада жаңадан салынатын иппотерапия және бейімделген ат спортымен айналысу үшін жабық және ашық манеж салу мәселесі талқыланғанын жазған болатын.


Әріптестермен бірге ипподром базасында ерекше қажетіліктері бар балаларға арналған иппотерапия және бейімделген ат спортымен айналысу үшін жабық және ашық манеж салу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткіздік. Сонымен қатар сол аймақта туризм мен ұлттық спорт түрлерін дамытатын боламыз. Құрылысы биыл басталып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Бұл жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде іске асырылатын болады, - деп жазған еді сол кезде әкімнің орынбасары.


Алтынбек Қайсағалиев бұл ғимараттың құрылысын NAK (Нұр Астана Құрылыс) құрылыс компаниясы салатынын айтқан болатын.


Бір реті келгенде құрылысы басталғанына біраз болған жаңа ипподромның қазіргі жай-күйімен танысып қайтқан едік.


«Қазанат» ипподромының қазіргі директоры Ирина Иванюк ипподром кешенінде бір сәтте 50-ден астам бала иппотерапиядан өте алатынын айтады.


Қазіргі сәтте біздің атшабар аумағында 48 гектар жерді алып жатқан жаңа ипподром кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның құрамында аумағы 8000 ш.м. болатын ашық, халықаралық стандартқа сай конкур алаңы, 1200 адамға арналған көрермен мінбері бар, – дейді Ирина Иванюк.


Оның сөзіне қарағанда, жаңа кешенде 11000 ш.м. аумақты алып жатқан жабық манеж де болады. 


Бұл ең әуелі иппотерапияны қажет ететін жандарға арналған. Яғни, жабық манежде иппотерапия орталығы ашылады деуге болады. Бұл осы сала бойынша арнайы бағдарлама негізінде жасалып отыр. Иппотерапия алаңы 50-ден астам атқа арналып жобаланған. Яғни, орталықта бір сәтте 54 ат қызмет көрсетуге мүмкіндік ала алады. Ол соған негізделіп жобаланып отыр, – дейді ипподром директоры.


Бұған дейін «Қазанат» атшабарында әрқайсысы 20 атқа арналған екі атқора бар болатын. Ирина Иванюктің сөзінен қарағанда, кешен құрылысының құрамында осындай тағы екі атқора салынады.


Әрине, ат тұрған жерде оның жағдайы жасалуы керек. Жем-шөбі, суы, т.б. керек-жарағы болуы маңызды. Сол үшін әрқайсысы 20 атқа арналған екі атқора салынады, – деді ол.


Қазіргі кезде жарым-жартылай ғана жұмысы істеліп, құрылысы тоқтап тұрған (біз көргенде ол жерде сырлау жұмысын жүргізіп жүргендерден басқа, құрылыс маңында ешкім болған жоқ – Е.Ж.) кешеннің қашан пайдаға берілетіні белгісіз.



Кешен құрылысы нақты қашан аяқталатынын айта алмаймын, қандай да бір төтенше мәселе шығып қалмаса, алдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған, – дейді Ирина Иванюк.



Әсет Исекешев елордаға әкім болып тұрған кезден бері басталған әңгіменің нақты нүктесі әлі де қойылған жоқ. 


Ал біз барған уақытта кешен құрылысының неге тоқтап тұрғанын толық айтып берер ешкім болмады. 


NAK компаниясының сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласқан едік, «сондай құрылыс салып жатыр ма екенбіз?» деп өзімізден сұрады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы