Елорда індетпен қалай күресуде?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалықтар 2021 жылдың 5 айында  81,89 млн теңге сомасына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Еліміздің бас қаласында коронавируспен күрес аясындағы іс-шаралар қандай? Оған қанша қаражат бөлінді? Олар қандай мақсаттарға жұмсалды? Осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрдік. 

Қанша қаражат бөлінді?

Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы таратқан мәліметке сүйенсек, елорда бойынша коронавирустық инфекциямен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландырудың жалпы сомасы биылғы 5 айда 16,38 млрд теңгені көрсеткен.

- медицина қызметкерлеріне үстемеақылар – 8,97 млрд теңгеге жуық;
- медициналық көмекке және КВИ таралуын болдырмау жөніндегі қызметтерге – 5,86 млрд теңге, карантиндік және инфекциялық стационарларға 29 мыңнан астам адам емдеуге жатқызылды және емделді;
- КВИ таралуын болдырмау үшін стационар аясында үйге кеп көрсетілетін медициналық көмекке – 574 мың теңге, 20 адам емделді;
- ПТР диагностика қызметіне – 1,31 млрд теңге, 162 мың ПТР-тест жасалды; 
- мобильді бригадалардың шығуына – 238 млн теңге, 41 мың шақыртуға шықты.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021 жылғы жоспарға сай халыққа медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге жұмсау қарастырылған. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі – 9,2 млрд теңге, ал медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық қызметтерге жұмсалатын қаржы 8,0 млрд теңгеге тең.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда 108 медициналық мекеме медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан. оның 71-і – жекеменшік клиникалар. Ел астанасындағы жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілер үлесі – 66%. 

Медицина қызметкерлерін ынталандыру 

Әлемді әбігерге салған тәжтажалмен күресте ақ халаттылардың қосқан үлесі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Елордалықтардың өміріне арашашы болған 22 517 медицина қызметкеріне жоғарыда аталған уақыт ішінде 8,9 млрд үстемақы төленді:

- қаңтар айында  3 614 медицина қызметкері 1,3 млрд теңгеге жуық;
- ақпанда 4 019 медицина қызметкеріне 1,4 млрд теңгеге жуық; 
- наурыз айында 4 081 медицина қызметкеріне 1,5 млрд теңгеден астам; 
- сәуір айында 5 759 медицина қызметкеріне 2,3 млрд теңгеден аса сомада үстемеақы берілді.

Мамыр айы үшін 5 044 медицина қызметкеріне 2,4 млрд теңгеге жуық сомада үстемеақыны иеленді:

- қауіптің 1-тобы бойынша – 8 861 қызметкерге 5,7 млрд теңге сомасында, қауіптің 1-тобы үшін айына бір қызметкерге бөлінетін үстемеақы мөлшері 850 000 теңге (20АЕК);
- қауіптің 2-тобы бойынша – 5 456 қызметкерге 2 млрд теңге сомасында, қауіптің 2-тобы үшін айына бір қызметкерге бөлінетін үстемеақы мөлшері 425 000 теңге (10АЕК);
- қауіптің 3-тобы бойынша – 8 200 қызметкерге 1,3 млрд теңге сомасында үстемеақы төленді,  қауіптің 3-тобы үшін айына бір қызметкерге бөлінетін үстемеақы мөлшері 212 500 теңге (5АЕК).

COVID-19 және вирустық пневмониямен күресуге жұмылдырылған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің үстемеақы мөлшері олардың әр айда істеген нақты жұмыс сағаттарына қарай беріледі. 

Өңірлік комиссия ай сайынғы үстемақы алушылардың тізімін жасайды. Ал қосымша ақы төлеу әлі де жалғасуда.
Астаналықтарға 5 ай ішінде 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде, күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту шаралары жасалды. Амбулаториялық-емханалық деңгейде  204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді. 

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

Осы жылдың 5 айында елордалықтарға 81,89 млн  теңге сомасына 19 908 рецепт бойынша дәрі-дәрмек берілген. Атап айтар болсақ, 14 886 пациент антибактериалдық, ыстық түсіретін препараттармен және антикоагулянттармен қамтамасыз етілді.

 Нұр-Сұлтан қаласы бойынша COVID-19 короновирус инфекциясымен күрес аясында амбулаториялық деңгейде 69,98 млн теңге сомасына 10 818 рецептімен  7 562 пациент дәрілік заттармен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған науқастар дәрігердің нұсқауымен ыстық түсіретін дәрі-дәрмекті өзі тіркеуде тұрған емханадан ала алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы