Елордада карантин тәртібін сақтамайтындар азаймай тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мобильді топтар ШОБ субьектілеріне рейдтерді жалғастыруда. Полиция қызметкерлері, еріктілер және әкімдік өкілдері мекемелердің санитарлық нормаларға сәйкестігін тексереді. 

Тексерушілер атап өткендей, жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі - жұмыс кестесі мен әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы.

Сонымен, 14 қараша күні сағат 01:39-да «Adajio» ресто-бары өз жұмысын жалғастырды. Онда шамамен 30 келуші болған. 13 қарашада 22:00-ден кейін «5enj» мейрамханасы мен «PeiZdes» лаундж-барында ондаған келуші болғаны анықталды.

Сонымен қатар карантин режимін бірнеше рет бұзғаны үшін «Алания» түнгі клубының әкімшісі екі тәулікке қамауға алынды. Онда келушілер санитарлық дәрігер бұйрығын елемей, түнгі уақытта демалыс өткізген.

Біз мекемелердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін үнемі тексеріп отырамыз. Құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Бүгінгі таңда Есіл ауданында 1330 объектіге мониторинг жүргізіліп, оның 204-іне айыппұл салынды. Көбі жұмыс кестесін бұзады. Қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану пункттері түнгі сағат 22: 00-ге дейін жұмыс істеуі керек, бірақ көптеген мекемелерде жұмыс кешкі 10-нан кейін жалғасуда, - деді Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысы Айман Жанатаева.

Құқық бұзушыларға қатысты жиналған материал жауапкершілікке тарту үшін тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

Бұрын хабарланғандай, 11 қарашадағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аудандық басқармаларына карантинді бұзған адамдарға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 1981 материал келіп түскен. Жалпы сомасы 184 370 856 теңгеге 905 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 146 574 535 теңгеге 717 әкімшілік айыппұл төленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы