Елорда бюджетінен білім саласына 101 млрд теңге бөлінеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылы елорда бюджетінен білім саласына 101 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мәлімдеді.
Бүгін елордалық мәслихат отырысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тілдерді дамыту және мұрағат ісі салаларындағы 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасы таныстырылды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың сөзінше, Білім басқармасының 2022 жылғы жұмысына 101 млрд 203 млн теңге көзделген.
Оның ішінде жалпы білім беруге 25 483 млрд қарастырылған. Балаларға қосымша білім беруге 5 622 млрд, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау ісіне 9 479 млрд бөлінеді. Мектепке дейінгі білім беру қызметіне 19 772 млрд теңге қарастырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындауға 8 703 млрд қаражат бөлу жоспарланған, - деді ол.
Басқарма басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тұрғысынан болжалды шығыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Ішкі саясат басқармасының жылдық шығындарына 1,6 млрд теңге, Дін істері басқармасына 235,9 млн теңге бөлінеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасына 2022 жылға 7 млрд 960,9 млн теңге қарастырылған. Жастар ісі жөніндегі басқарманың қызметіне 589 млн теңге, Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасына 576,3 млн теңге бөлінеді деп жоспарланған, - деді Қайсар Маңқараев.
Оның айтуынша, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына келер жылы 9 млрд теңге көзделген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жылдық кезеңге 13 млрд 941,2 млн теңге қарастырылған. Мәдениет басқармасының жылдық шығыстарына – 7,6 млрд теңге, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шаралар өткізуге 1 797,4 млрд теңге қаражат қарастырылған.