«Елорда бәйгесі». 7 шақырымда жүлде алған құнандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін астана төріндегі «Қазанат» атшабарында «Елорда бәйгесі» республикалық бәйге түрлерінен турнир өтті.

1 400 және 2 400 метрдің ұшқыр бәйгесі, 7-9 шақырымның құнан бәйгесі, 16 шақырым топ бәйге және 20-21 шақырымның аламан бәйгесі қатарлы 7 түрлі жарыс өтті.

Бұған дейін анау-мынау аламанда толмайтын көрермен трибунасында ине шаншар орын қалмай, елорда халқы түпқопарыла келіп аламан тамашалады деуге тұрарлық дүбірлі бәйгенің шымылдығы тыз етпе – ұшқыр жүйріктердің сайысымен басталды.

Ол жайлы бұған дейін жазғанбыз, оны мына жерден оқуларыңызға болады.

Еліміз бойынша Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен соңғы екі жылда Қостанай жылқысы тұқымын қайта түлету мақсатында айрықша істер атқарылып жатыр. Бұған дейін де тек Қостанай жылқысы қатысқан бірнеше аламан өткен болатын. Бүгінгі дүбірлі доданың да негізгі бәсекелестері осы – Қостанай жылқысы. 2400 және 1400 метірге жарысқан ұшқырлар да Қостанай тұқымынан еді.

Олардан соң алаңға 7 шақырымдық қашықтыққа Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан құнандар қатар түзеді. Еліміздің алыс-жақынынан келген 6 құнан өзара мықтыны анықтауға барын салды.

1,3 шақырымға созылған атшабарды көрермен нөпірінің алдында 3 айналған құнандардың қатары сирек болса да, қарқыны мықты болды.

Сонымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық спорт қауымдастығы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарыста Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан құнандардың жүлдесіне тоқталсақ:

І орын: Тайфун есімді байталға бұйырды. Шабандозы– Алиан Қайран, бапкері – Игілік Қарманов, ат иесі – Жандос Рызықбаев. Тайфун – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Фаррино деген айғыр мен Тасбұлақ есімді биенің төлі. Жүлдесі – 900 мың теңге.

ІІ орын: Қызғалдақ есімді байтал. Шабандозы – Нұрасыл Ахмет, бапкері – Жандос Ахметов, ат иесі – «Степное» ЖШС. Қызғалдақ – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Алтын Дакар деген айғыр мен Зита есімді биенің төлі. Жүлдесі – 550 мың теңге.

ІІІ орын: Қарлығаш есімді байталға бұйырды. Шабандозы – Санжар Ысқақов, бапкері – Абылай Алшынбаев, ат иесі – Мұрат Алшынбаев. Қарлығаш – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Креатор деген айғыр мен Сафалтын есімді биенің төлі. Жүлдесі – 350 мың теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы