Елорда әуежайында биологиядан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын күтіп алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әуежайында Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов министрліктің өкілдерімен және ұстаздармен бірге биологиядан IBO-2022 халықаралық олимпиадасының жеңімпаздарын күтіп алды.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазақстандық оқушылар Ереванда өткен жарыстан 3 күміс, 1 қола медальмен оралды. Осылайша, жас биологтар былтырғы көрсеткішті жаңартты. Оқушыларымыз бір жыл бұрын 1 күміс, 2 қола еншілеген болатын.
Биологиядан халықаралық олимпиада 10-18 шілде аралығында Армения астанасында өтті. Оған әлемнің 64 елінен 250 оқушы қатысқанын Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлаған болатын. Қазақстанның намысын Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларынан 4 оқушы қорғады. Бұл оқушының барлығы да республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Бүгінгі күні оқушыларымыз математика, физика, химия, география және биология пәндерінен ең беделді олимпиадаларда 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Сіздер Арменияда өткен биология олимпиадасында Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, ұлттық құрамаға 3 күміс, 1 қола медаль алып келдіңіздер. Бүгінгі таңда еліміздің ең үлкен байлығы – адам капиталы және басты мақсат - интеллектуалды халықты қалыптастыру. Биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар мен отандық ЖОО-ларда ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға гранттар беріліп жатқанын жақсы білесіздер. Бұл - мемлекеттің дарынды балаларды қолдау үшін жасап жатқан жұмысының бірі. Кез келген жетістіктің артында орасан зор еңбек жатқанын білеміз. Сіздер ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың және мектептеріңіздің үмітін ақтадыңыздар деп сенімді түрде айта аламын. Құрамамыз дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, отандық білім беру жүйесінің әлемдік аренадағы көшбасшылық ұстанымын дәлелдегеніне шын жүректен қуаныштымын, - деді Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4,5 млн теңге), күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (3,1 млн теңге), қола медаль үшін – 500 АЕК (1,5 млн теңге) көлемінде ақшалай сыйлық берілетінін еске сала кетейік. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады.
Жарыс өте қиын болды, бірақ мен күміс медаль жеңіп алдым. Жеткен нәтижеме ризамын, бірақ одан да жақсырақ нәтиже көрсетуге болар еді. Жалпы алғанда, жарысқа қатысқаныма қуаныштымын. Қонақжай Арменияда көп дос пен жаңа таныс таптым. Мен үшін бұл ерекше тәжірибе болды. Сондай-ақ қолдау көрсеткен ұстаздарыма, тәлімгерлеріме алғыс айтқым келеді, – дейді күміс жүлдегер Ерасыл Темірбеков.