Елорда асханаларында өрт қауіпсіздігі сақталған ба?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін азық-түлік кәсіпкерлігі саласының газ нормаларын сақтауға қатысты мониторинг жүргізілді. Жұмыс тобының құрамына ТЖД, ПД, тұрғын үй инспекциясы, әкімдік, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өкілдері кіреді.

Мониторингтік топтың мүшелері кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама таратты.

Жұмыс тобы тексеруді Шұбар ауданы Елубай Тайбеков көшесінде орналасқан кафелер мен асханалардан бастады.

Мониторинг барысында тексерушілер кафелерге кіріп, газ нормасын сақтауға байланысты тексеріс жүргізуге рұқсат сұрады.

Біз газды «Жігергаздан» тапсырыс арқылы аламыз. Біз мұнда тамақ дайындаймыз. Газдың иісі шығу жағдайы болған жағдайда тиісті органдармен байланысамыз. Бізде газ баллон емес, газгольдер. Егер газ шықса, датчик іске қосылады. Целиндр сыртта жердің астында орналасқан, - дейді кәсіпкер Жансая Еспамбетова.

Оның айтуынша, газ баллонға қарағанда, бройлер қауіпсіз. Сондай-ақ, 6 жылдық жұмыс тәжірибесінде газ шығу оқиғасы тіркелмеген.

Сонымен қатар, тексерістен өткен екінші объектіде 3 газ баллон орналасқан. 

Егер кішкентай болса да газ шығу оқиғасы тіркелсе, онда баллонды бірден ауыстырамыз. Сәйкесінше бізде қосымша газ баллон, шланг, кран бар. Ауыстыру қажет болған кезде оларды пайдаланамыз. Жігергазбен арнайы келісімшарт бар. Әр екі апта сайын тексеріп кетеді. Осы мекемеде өрт қауіпсіздігін қадағалайтын жауапты маман болғандықтан күніне 2 рет тексеріп отырамын. Сонымен қатар, осында жұмыс істейтін барлық әріптесіме өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты нұсқаулық жүргізіп отырамын, - деп айтты кафе меңгерушісі Нұржан Ысқақов. 

Жұмыс тобы кафе меңгерушісіне газ баллонды сыртқа шығару қажеттігін ескертті.

Өрт қауіпсіздігіне байланысты газ баллондар, асхана плитасы баллондары ереже бойынша ғимараттың сыртында орналасуы керек. Ішіне қоюға тыйым салынған. Дегенмен тексеріс кезінде екінші объектіде газ баллондар ғимараттың ішінде орналасқанын анықтадық. Оны сыртқа қою керектігін кәсіпкерлерге ескерттік. Алайда 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін ШОБ жұмысына қатысты мораторий жарияланғандықтан біз объектіні тексере алмаймыз. Егер кафе иесінің өзі өтініш жазса, біз газ баллонды қайда орналастыру қажет екенін келіп түсіндіріп береміз, - дейді Есіл ауданы ТЖД бас маманы Алмас Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 20 қарашасында елордалық дәмханада жарылыс болды.

Оқиғаға қатысты әлі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

20 қарашадағы жарылыс нақты неден болғанын айта алмаймын. Осы оқиғадан кейін осындай рейдтер өткізіп жатырмыз. Бүгін 2-3 кафені тексердік. Өкінішке орай, Газ инспекциясында 3 маман ғана жұмыс істейді. Сондықтан көп мекемені тексеруге үлгермей жатырмыз. Дегенмен жоспар бойынша күніне 10 шақты кафені қамтуымыз керек. Азық-түлік кәсіпкерлігі нысандарында газ мекемелерімен келісімшарттары болуы керек. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерін нұсқаулықтан өткізулері және пайдаланатын жабдықтарды 6 ай сайын тексеріп отыруылары қажет. Біздің бүгінгі мақсатымыз ескерту жұмыстарын жүргізу. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін ШОБ-ты тексеруге қатысты мораторий жарияланған, - деп атап өтті Газотехникалық инспекцияның маманы Думан Жайылбеков.

Мониторинг барысында ең алдымен газ мекемелерімен келісімшарттарын тексерді.

Келесі объектіде де біршама талаптар орындалмаған, газ баллон тиісті жерге қойылмаған.

Бүгінгі рейд бойынша 3 мекемеден өттік. Бірінші объект бойынша газ баллон пайдаланылмайды. Олардың газ мекемелерімен келісімшарты да бар. Яғни талаптар сақталып отыр. Ал екінші мекемеде газ баллон қойылатын арнайы бөлме бар. Келісімшарты бар. Шлангілері уақытында ауыстырылып отырылады. Ал үшінші кафеде қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Баллондар газ плитаның, оттың жанында орналасқан, олардың арақашықтықтары сақталмаған. 1-1,5 метрге жетпейді. Бұл өте қауіпті. Себебі газ баллонның қызып кетуіне ікеліп соғуы мүмкін. Сонымен қатар кафе меңгерушілері газды қандай мекеме тексеретінінен хабарсыз. Белгісіз жерлерден газ баллондарын отынға толтырып отыратынын анықтадық. Келісімшарт жоқ. Ешқандай ереже сақталмаған, - дейді Думан Жайылбеков.

Осы ретте инспекция маманы өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған мекемелерге ескерту жасап, нұсқаулық қағаздарын таратты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы