Елорда әкімдігі «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі табиғатты қорғау бастамаларын қолдайтын әкімдіктер арасында бас жүлдені еншіледі, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап 2019 жылдың наурыз айына дейін «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» конкурсына қатысу үшін табиғатты қорғау бастамаларын қолдайтын әкімдіктер, ұйымдар мен азаматтар арасында өтініштерді қабылдады.
«2019 жылғы 27 мамырдағы Конкурсттық комиссия отырысының № 2 хаттамасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» ұлттық конкурсының «Эко-Акимат» номинациясында жеңімпаз атанды», - делінген әкімдіктің хабарламасында.
5 маусымда Дүниежүзілік қоршаған орта күніне арналған салтанатты марапаттау рәсімінде «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президиум төрайымы Әлия Назарбаева «Эко-Акимат» номинациясында конкурс жеңімпазының статуэткасы мен дипломын табыстады.