Элизабет. Төрт айналым сальховқа дейін
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Элизабет Тұрсынбаева Сайтамада (Жапония) өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Ол қос бағдаралмада 224,76 ұпай жинады.
Алғашқы қадам
Элизабет 2000 жылы 14 ақпанда Мәскеуде дүниеге келген. Анасы қызына «Клеопатра» фильмінде басты рөлді сомдаған актрисаның (Элизабет Тейлор) есімін қойған. Элизабет кішкентайында денсаулығы нашар, көп ауыратын болған. Ағасы Тимур мәнерлеп сырғанаудан жарыстарға қатысып, жүлде алып жүреді. Әкесі Элизабетті ағасының қасында жүріп әрі спортпен айналысып, әрі денсаулығына пайдасы тиер деген ниетпен мәнерлеп сырғанауға береді. Тимур мен Элизабет Ресей атынан жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінеді.
Бес жасынан мәнерлеп сырғанаумен айналысқан ол алғашқы кезде жаттықтырушылардың қабылдағысы келмегенін айтады. Ирина Страхова есімді жаттықтырушы үшінші рет апарғанда ғана тобына алған. Мамандар бір жарым жыл өткен соң жас спортшы үлкендер тобына ауысып, топтың көшбасшысы атанады.
«Ата-анам мен Тимур жаттығатын мектепке апарды. Бірақ жаттықтырушылар мені әрең қабылдады. Ағам ірі жетістіктерге жете бастаған соң мені де қабылауға келісті деп ойлаймын», - дейді спортшы.
2012-2013 жылдары Элизабет қазіргі жаттықтырушысы Этери Тутберидзенің тобында жаттықты. 2013 жылы Элизабет Мәскеуде өткен жасөспірімдер арасындағы біріншілікте алтын алып, Ресей мен Мәскеудің құрамасына қосылады. Дәл осы жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруымен Элизабеттің отбасы Қазақстанға көшіп келді. Спортшыға бірнеше ел азаматтық ұсынса да ол қазақ елінің атынан сынға түсіп келеді.
«Лиза Мәскеудегі біріншілікті жеңген соң Ресейдің туымен жарысқа қатысуы тиіс болды. Жұмыспен Қазақстанға ауыстым. Халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан қатысады деп шештік», - дейді Элизабеттің әкесі.
Орсер және халықаралық жарыстар
Елге келген соң спортшы канадалық жаттықтырушы Брайан Орсердің командасына қосылды.
«Мақсатым – әлем чемпионы және кем дегенде Олимриада жүлдегері болуы. Мұның қиын екенін түсінімен. Бірақ менің жақсы командам бар. Орсер – өте мықты маман. Ол Ванкувер Олмипиадасының чемпионы Ю-На Кимді дайындады. Ерлер мәнерлеп сырғанауындағы лидерлердің бірі Юдзуру Ханюмен жұмыс істейді. Хореографияны Трейст Уилсон қояды», - деп бөлісті Тұрсынбаева жаңа бапкерге ауысқанда.
Орсер бір жыл жұмыс істеген соң Элизабетке жасөспірімдердің әлемдік рейтингінде 5-тікке енеді деп уәде етті.
«Лизаның болашағы жарқын. Ол батыл мінезді, өте талантты спортшы. Әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушысы атануы үшін онда бәрі бар. Жанында анасы болғаны өте маңызды, себебі жақындардың қолдауы әрдайым керек», - деген болатын Орсер.
Элизабет 2014 жылы алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында сынға түсіп, 11-орыннан көрінді. Қыркүйекте Аичиде өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік Гран-при жарысында қола, қазанда Дрезденде өткен гран-при кезеңінде күміс медаль алды. Summer Skate Canada, Triglaf Trophy, Gardena Spring Trophy, New Years Trophy жарыстарында алтын жүлдеге ие болды. Қазанда Ниццада өткен International Cup Of Nice жарысында жасөспірімдер арасында 1-орын алды.
«Басты мақсатым – әр жарыс сайын нәтижелерімді жақсарту. Басты қарсыласым – өзім. Ата-анам да қарсыласты көп ойламай, мұз айдындағы өнерім туралы ойла деп айтады», - дейді спортшы.
2015 жылы қыркүйекте ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысына қатысты. Солт-Лейк Ситидегі турнирде екінші орынға ие болды. Бір айдан соң Канададағы турнирде бірінші орын алып, алғаш рет ересектер арасындағы турнирде жеңімпаз атанды. Содан кейін Милуокидегі Skate America Гран-при кезеңіне 4-орын, қыркүйекте Skate Canada Гран-при кезеңінде 7-орын алды. Желтоқсанда Хорватияда өткен «Золотой конёк Загреба» турнирінде екінші болды.
Жасөспірімдер Олимпиадасы
2016 жылы ақпанда Норвегияда өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл жарысқа дейін спортшының жарақаты болды. Сол себепті қола медаль жаман нәтиже емес деп есептейді.
«Жарыс алдында жарақат алдым. Дайындық оңай болмады. Жаттығулар өзім қалағандай интенсив болмады. Бағдарламаларымды жарыстың басталыуына бір апта қалғанда ғана сырғанай бастадым. Қазақстанда әр жарыс сайын менен медаль, жоғары нәтижелер күтетінін білемін. Сол себепті әрдайым өзімді жақсы өнер көрсетуге баптаймын. Өзіме «жәй жақсы сырғанау керек, әрі қарай не болатынын көреміз» деп айтамын», - деген болатын Элизабет.
Бір ай өткен соң Дебрецендегі (Германия) жасөспірімдер чемпионатында қысқа бағдаралмада сәтсіз өнер көрсетіп, екінші ондықтан көрінді. Еркін бағдарламасында нәтижесін жақсартып, чемпионатты бесінші орынмен аяқтады. Сәуірде Бостонда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында мәнерлеп сырғанаушы 12-орын алды. Монреалда өткен Autumn Classic International турнирінде қола алды. Бұл маусымда Гран-при кезеңдерінде жүлделі орындардан көрінбеді.
Олимпиада маусымы
2017 жылы спортшы Саппорада өткен қысқы Азия ойындарына қатысып, қола медальға ие болды. Наурыз аяғында Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында үздік ондық қатарынан көрініп, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына екі жолдама жеңіп алды. Жолдаманың бірі Айза Мамбековаға бұйырды.
Олимпиада маусымында ол Autumn Classic International турнирінде қолаға ие болды. Минскіде өткен «Челленджер» сериялық турнирінде бірінші орын алды. Қарашада Internationaux de France Гран-при кезеңінде бесінші орыннан көрінді.
Элизабет Олимпиада алдында жарақат алды. Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада Тұрсынбаева қысқа бағдарламада 57.95 ұпай, еркін бағдарламада 118.30 ұпай алып, жалпы есепте 176.25 ұпаймен 12-орыннан көрінді.
«Бұл Олимпиада ойындары, бүкіл әлем қарайды. Сондықтан аздап қобалжыдым. Бір рет құлағаным болмаса, қате жібермеуге тырыстым. Жарақатыммен өнер көрсеттім. Бастысы Олмипиадада қазақ қыздары барын көрсеттік», - деді ол еркін бағдарламадан кейін.
Маусымдағы жаңа бапкер мен қиын элементтер
Элизабет Олимпиададан соң маусым айында канадалық бапкер Брайан Орсермен арадағы бес жылдық серіктестікті тоқтатып, ресейлік маман Этери Тутберидзенің командасына ауысты. Қыркүйекте өткен «Мемориал Непелы» турнирінде жалпы 192.30 ұпаймен күміске ие болды. Қазанда Finlandia Trophy турнирде қос бағдарлама қорытындысы бойынша 200.74 ұпаймен екінші орын алды. Маусымдағы Гран-при кезеңдерінде 5-ші, 6-орындардан көрінді.
Бапкер Сергей Дудаковтың айтуынша, мамандар Тұрсынбаевадан жақсы өзгерістер байқаған.
«Біздің топта жаттыққанына он айдай уақыт болды. Осы аралықта оның біршама элементтерін жетілдірдік деп ойлаймын. Жаттығу барысында Лиза төрт айналым сальховты орындады. Алайда, оны осы жарыс барысында бағдарламаға қосу-қоспауымыз белгісіз. Ал Универсиада кезінде оны орындайтыны сөзсіз. Біз барлығымыз Лизаның көрсеткіші жақсаруы үшін жұмыс істейміз» - деген болатын Дудаков «Төрт құрлық чемпионаты» алдында.
Бүгін спортшының жетістіктеріне «Төрт құрлық чемпионатының» күміс медалі қосылды. Осыған дейін Денис Тен 2015 жылы осы жарыстың чемпионы атанған болатын.
Элизабет еркін бағдарламасында мәнерлеп сырғанау спортындағы күрделі элементтердің бірі төрт айналым сальховты орындауға талпынды. Спортшы секіргенімен, мұзға құлады. Аяғымен мұзда тік тұрғанда Элизабет осы элементті орындаған ересектер арасындағы алғашқы спортшы ретінде тарихқа енер еді.
Мақсатым – әлем чемпионаты мен Олимпиаданы жеңу
Денис Тен қаза тапқан соң мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама капитаны міндеті Элизабетке берілді. Ол Қазақстанда бұл спортты дамыту үшін бірнеше фактор кедергі екенін айтады.
«Елімізде мұз айдындары көп, бірақ олар жаппай сырғанауға арналған. Жаттықтырушылар тапшы. Балаларға көп нәрсе байланысты, олар сырғанағысы келе ме, ата-аналардың қолдауына да байланысты. Ресейді мысалға алсақ мұз сарайлардың барлығы жаттығу жасау үшін мәнерлеп сырғанаушыларға берілген. Қазақстанда барлығы жаппай сырғанауға, болмаса басқа да мақсаттарға арналған. Бізге Мәнерлеп сырғанау федерациясы керек», - дейді Тұрсынбаева.
Элизабет күнделікті жаттығуға шамамен алты сағатын арнайды. Сегіз жыл мұз айдынға барып жүріп, музыкалық мектепті тәмамдаған. Скрипка мен фортепианода ойнайды. Қолы қалт етсе сурет салу, тігін тігу, ас дайындауды жақсы көреді.
Тұрсынбаева қандай жарысқа қатысса да жанында ата-анасы жүреді. Ол жақындарының қолдауы өте маңызды деп санайды.
«Ата-анам қандай жағдай болмасын маған әрдайым сенеді, себебі мен олардың баласымын ғой. Әрдайым жанымнан табылады. Мұны бағалау керек. Жанымда анам болса, өзімді сенімді сезінемін. Ол – ойымды көзімнен оқып қоятын жан. Мәнерлеп сырғанауда өз атымды қалтырып, Олимпиада мен әлем чемпионатында жеңгім келеді. Бұл өте қиын болса да, жаттықсаң жетуге болады, - дейді мәнерлеп сырғанаушы.