Елімізге шетелдерден ірі көлемде есірткі заттары кіргізілмек болған
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көлік прокуратурасы және басқа да құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы күресті, шекарада жүктер мен пошта жөнелтілімдерін бақылауды күшейтті, шетелден елімізге есірткінің заңсыз әкелінуін болдырмау мақсатында шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан Президенті халыққа соңғы Жолдауында есірткі заттарын тұтынудың өсуіне алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселенің ұлт денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін атап өтті.
Осыған байланысты, есірткі өндіру және таратуға қарсы күрес бүкілхалықтық сипат алуы тиіс.
Тек 2024 жылдың өзінде заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 774 кг героин, 155 кг марихуана, 37 кг гашиш және гашиш майы, 34 кг көкнәр, сондай-ақ 1 кг синтетикалық есірткі бар. Тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны 7 миллиард теңгеден астам деп бағаланып отыр, - делінген хабарламада.
Ираннан героиннің ірі партиясын әкелудің жолы кесілді, оны қылмыстық топ тұрмыстық тауарлар ретінде жасыруға тырысқан болатын.
Сонымен қатар, Еуропа, АҚШ және Таиландтан келген есірткі заттары бар 50-ден астам пошта жолданымдары ұсталды. Мысалы, Қаржылық мониторинг агенттігі АҚШ-тан есірткі заттарын пошта арқылы контрабандалық жолмен жеткізетін жүйелі арнаны жойды. Нәтижесінде он күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, 15 кг каннабис сығындысы және 8 кг марихуана тәркіленді, - деп хабарлады Бас прокуратура.
21 сотталушы түрмеге қамалды, арасында шетел азаматтары да бар.
Мемлекет есірткінің заңсыз айналымын тоқтату жұмысын жалғастырып, бақылау шараларын күшейтіп, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты арттыруда.