Елімізге қазақ ғылымының қалыптасуына қатысты құжаттар жеткізілді

Қазақстанға қазақ ғылымының қалыптасуы мен даму тарихына қатысты құжаттар жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Архив – 2025» жобасы және Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2025 жылдарға арналған бірлескен әрекет жоспары аясында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің жұмыс тобы Ресей Федерациясының мемлекеттік архивіне, Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік архиві, Қазіргі заман тарихы мемлекеттік архиві мен Ресей Ғылым академиясы архивіне және Ресей мемлекеттік кітапханасына барды. 

ХХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы Қазақстанда ғылымның қалыптасу мен даму тарихына қатысты бұрын жарияланбаған тарихи деректер мен құжаттарды зерттеу барысында 200-ден астам құжат анықталды. Қазақстандағы академиялық ғылымның, ғылыми орталықтар мен мекемелердің құрылу тарихына қатысты құжаттардың электронды көшірмесі алынды. 

Анықталған құжаттардың ішінде қазақ және орыс ғалымдары арасында алмасқан 40-қа жуық хат бар. Академик Қаныш Сәтбаев, Ақай Нүсіпбеков, Василий Фесенковтың ресейлік әріптестерімен хат алмасуында қазақ ғылымның дамуы және Қазақстандағы негізгі кезеңдері туралы (өткен ғасырдың 20-60 жылдары) құнды мәліметтер табылды. 

ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай қазіргі уақытта Ресей архивтерінен анықталған деректік базаны жүйелеу, өңдеу, ортақ тізбе құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы