Елімізге Француз даму агенттігі не береді
Мәжіліс отырысында еліміз, экономикамыз үшін маңызы зор келісім ратификацияланды. Бұл туралы депутат Олжас Құспеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Қазақстан мен Франция арасындағы Француз даму агенттігінің (ФДА) қызметі туралы келісім елімізге не беретінін түсіндірді.
Біріншіден, келісім Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы экономикалық және қаржылық әріптестікті нығайтады. Еліміздің түрлі стратегиялық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықаралық деңгейде қолдау табуға септігін тигізеді.
Екіншіден, ФДА – энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және «жасыл» көлік сияқты экономиканың маңызды салаларында серпінді жобаларды қаржыландыратын негізгі ұйым. Қазір Қазақстанда осы бағыттарды дамытуға ерекше мән берілуде, - деді Құспеков.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялаған болатын. Оны іске асыру, экономиканы еселей дамыту үшін ауқымды инвестиция, жаңа технологиялар керек.
Осы келісімді ратификациялау арқылы мемлекетімізге ұзақмерзімді жеңілдетілген несиелер мен гранттар бөлінеді. Сол арқылы маңызды инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыра аламыз. Яғни экономиканы тұрақты әрі қарқынды дамытуға қарай маңызды қадам жасап отырмыз, - деп түсіндірді депутат.
Айта кетейік, Француз даму агенттігінің негізі 1941 жылы қаланған. 1998 жылы агенттік Франция Үкіметінің саясатын қолдау мақсатымен қайта құрылды.
Бүгінгі таңда 115 елде жұмыс істейді. Агенттік дамушы елдерге 4000-нан астам жобаға инвестиция салды. Қаржыландыру көлемі сол елдердің әлеуетіне байланысты әртүрлі болады. Бірақ ФДА жыл сайын дамушы елдерге жүздеген миллион еуро көлемінде қаржы бөліп келеді. Бұл – Қазақстан үшін жақсы мүмкіндік.
Сонымен қатар, агенттіктің Қазақстандағы қызметі мемлекеттік жобаларды кепілдіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл да елдің қаржы секторын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек. Агенттік несиелерді 15 жылға дейінгі мерзімде және төмен пайыздық мөлшерлемелермен ұсынады. Ол да еліміздің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл келісім – Қазақстан үшін халықаралық деңгейде инвестиция тартудың тиімді құралы. Ең бастысы, елдің экономикалық дамуын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын, - деп айтты Олжас Құспеков.
23 қазанда Мәжіліс Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақстан Республикасында жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялағанын жаздық.