Еліміздің үздік қариы Павлодарда анықталды

Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқитын жамағат Ертіс өңірінде бас қосты. Олар қасиетті кітапты оқу бойынша бақ сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауы мәресіне жетті. 80 азамат қатысқан шара облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, елімізде жыл сайын қасиетті кітапта жатқа оқитын қарилердің саны артып келеді.

Баршамыз Құран оқи алатын адамдарға төрден орын береміз. Ал кітаптың бірнеше парасын жаттап алған, Құранды толық жаттаған қариларға қоғамымызда айрықша құрмет көрсетіледі. Дәл осындай байқау – соның дәлелі. Байқауға қатысқан қариларымыздың бәрі жеңімпаз атанды деп санаймын. Өйткені бұл шара әр қариға жігер сыйлады, - бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айтулы байқауда Алматы қаласынан келген қари Әбілқайыр Жұбанов жеңіске жетіп, бас жүлде, автокөлікке ие болды. Ол Нұр-Мүбарак университетінің екінші курсында оқиды.

Құран Кәрімді Кентау медресесінде екі жыл ішінде жаттап алдым. Осы күнді асыға күтіп, тыңғылықты дайындалдым. Су жаңа темір тұлпарымды әкеме сыйға тартамыy, - дейді Әбілқайыр Жұбанов.

Демеушілер қатарында болған жомарт азаматтар жүлделі орынға ие болмаған 64 қариға ақшалай сыйлық табыстауды жөн санады. Ал жуырда қари атанған өскемендік Дмитрий Островский бас демеушінің шешімімен темір тұлпарға ие болды.

Ислам дінін 5 жыл бұрын қабылдадым. Ата-анам бастапқыда түсінген жоқ. Кейін әкем батасын берді. Құранды медреседе жаттап жатырмын. Араб тілін меңгеруді де жоспарлап жатырмын, - дейді Д. Островский.

Айта кетейік, байқау жеңімпаздары «Мәнерлеп оқу», «10 пара», «20 пара» және «30 пара» аталымдары бойынша марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы