31 Тамыз 2026, 17:01 Фото: Көлік министрлігі

Еліміздің үш өңірінде бес теміржол вокзалы толық жаңартылды

Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қостанай қаласындағы Қостанай вокзалы, Абай облысындағы Үшбиік, Шар және Жарма станцияларының, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Жарық станциясының теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған нысандар жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап, өңірлердегі теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Қостанайда теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Қостанай қаласында теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған нысанның ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, қоғам өкілдері, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Көлік вице-министрі еліміздің жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

Қостанай теміржол вокзалы – өңірдің маңызды көлік нысаны әрі жолаушылар инфрақұрылымының негізгі буындарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Жалпы еліміз бойынша 124 нысан жаңартылып жатыр. Бұл миллиондаған жолаушылар үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жәнібек Тайжанов.

1974 жылы салынған вокзал ғимараты бүгінде жолаушылар инфрақұрылымының заманауи талаптарына толық сай келеді. Ғимараттың жалпы аумағы 7 412 шаршы метрден 8 483 шаршы метрге дейін ұлғайды. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған заманауи үш қабатты ғимаратқа айналды.

Реконструкция барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені жүргізілді. Шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары орындалып, кәріз,су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңғыртылды. Сонымен қатар, перрон қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды, жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылды.

Ғимараттың сәулеттік келбетіне және қолданылған материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлінді. Вокзалдың қасбеті фиброцемент панельдерімен және гранитпен қапталған. Ішкі әрлеу жұмыстарында заманауи талаптарға сай келетін ұзақ мерзімді, өрт қауіпсіздігі жоғары әрі сапалы материалдар пайдаланылды. Еден жабыны гранит пен керамограниттен жасалған. Жұмыстарды жүргізу барысында негізінен отандық материалдарға басымдық берілді.

Қостанай вокзалы 1-санатты вокзалдарға жатады. Оның тәуліктік орташа жолаушылар ағыны шамамен 2 049 адамды құрайды. Станция арқылы Астана, Алматы, Шу, Қарағанды, Тобыл, Атырау, Орал, Ақтөбе, Бурабай курорттық аймағы және Көкшетаумен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 18 жолаушылар пойызы жүреді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттыруға, күту және сапарлау үшін анағұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ Қостанай облысының теміржол инфрақұрылымындағы негізгі нысандардың бірінің сыртқы келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Абай облысында Үшбиік, Шар және Жарма вокзалдары жаңа кейіпке енді

Абай облысында Үшбиік, Шар және Жарма станцияларындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысандарды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Вокзалдарды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға, сондай-ақ заманауи талаптарды ескере отырып, теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңартуға бағытталған.

1980 жылы салынған Үшбиік станциясының теміржол вокзалы 2-санатты вокзалдарға жатады. Қайта жаңғырту аясында сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сыртқы инженерлік желілерін жүргізу, қосымша құрылыс салу, ғимараттың сырты мен ішін әрлеу, ішкі инженерлік коммуникацияларды жаңарту және перронды абаттандыру жұмыстары орындалды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Алматы, Өскемен, Ақтоғай, Шу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Павлодар және Қарағанды қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 10 жолаушылар пойызы өтеді.

1982 жылы салынған Шар станциясының теміржол вокзалы 1-санатты вокзалдарға жатады. Жөндеу барысында ғимараттың қаңқасы мен шатыры жаңартылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, сумен жабдықтаудың сыртқы желілері мен ішкі инженерлік коммуникациялар жаңартылды, сондай-ақ перрон реконструкцияланды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Алматы, Өскемен, Достық, Қарағанды, Астана, Ақтоғай, Балқаш, Шу, Шымкент және Түркістан қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 18 жолаушылар пойызы өтеді.

Жарма станциясында 1996 жылы салынған және 2-санатты вокзалдарға жататын нысан жаңартылды. Жоба аясында нөлдік цикл және ғимарат қаңқасын салу жұмыстары жүргізіліп, үй-жайлардың ішкі әрлеуі орындалды, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сыртқы инженерлік желілері жаңартылды, сондай-ақперрон реконструкцияланды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Өскемен, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Достық, Ақтоғай және Балқаш қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Осылайша, Абай облысында жолаушылар тасымалын және өңір елді мекендерінің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын үш теміржол вокзалы жаңартылды. Жобаларды іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыруға, вокзалдарда күту жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ нысандардың қауіпсіздік, жайлылық және қызмет көрсету сапасына қойылатын заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жарық станциясының тарихи вокзалы жолаушыларды жаңарған келбетте қарсы алуда

Қарағанды облысында Жарық станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.

Жарық станциясының теміржол вокзалы 1936 жылы салынған. Қайта жаңғырту жұмыстары барысында жалпы ауданы 484 шаршы метр болатын ғимарат кешенді түрде жаңартылды. Бір қабатты вокзал ғимараты жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарға сай жөндеуден өтті.

Жоба аясында ғимараттың шатырын монтаждау, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Перрон қайта жаңғыртылып, оған іргелес аумақ абаттандырылды, жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылды.

Әрлеу материалдарының сапасына және жолаушылар үшін жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Ғимараттың қасбеті сұйық травертинмен әрленді. Ішкі бөлмелерде ұзақ мерзімге жарамды, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай жуылатын материалдар пайдаланылды. Еден жабындары гранит, керамогранит және коммерциялық линолеумнан жасалды. Жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында отандық өндірістің материалдары қолданылды.

Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында жаңа эвакуациялық жолдар ұйымдастырылып, қолданыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды.

Жарық станциясының вокзалы I санатты вокзалдарға жатады. Жолаушылардың орташа тәуліктік ағыны шамамен 142 адамды құрайды. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Қостанай, Шу, Алматы, Ақадыр, Отар, Көкшетау, Бурабай курорттық аймағы, Петропавл, Балқаш, Достық, Павлодар, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жезқазған және Семей қалаларымен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 30 жолаушылар пойызы өтеді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы нысанының сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған.