Еліміздің транзиттік әлеуеті әлі күнге толыққанды жүзеге асырылмай отыр – депутат
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуға не кедергі болып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Қазақстан транзит аумағы ғана емес, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы стратегиялық көпір.
Еліміздің транзиттік әлеуеті әлі күнге толыққанды жүзеге асырылмай отыр. Біз Еуропаны Азиямен қосамыз, Ресейді Орталық Азия елдерімен байланыстырамыз, Каспий өңіріне, Қара және Балтық теңіздеріне шығу жолдарын қамтамасыз етеміз. Алайда осы артықшылықтарға қарамастан, біз жылына небәрі 32 млн тонна тасымалдаймыз, ал ұзындығы 193 шақырым ғана болатын Суэц каналы 1,4 млрд тонна тасымалдай отырып, Египетке жыл сайын 8 млрд доллар әкеп отыр. Осы айырмашылықтың өзі еліміз транзиттік әлеуетінің аз ғана үлесін пайдаланып отырғанын көрсетеді. Біздің еліміз әзірге транзит ағындарын басқару орталығына айналған жоқ, тек бөтен ойыншылардың ережесіне бағынатын оператор ретінде транзиттік аумақ қана болып отыр, - дейді депутат.
Мәжілістегі Үкімет сағатында Болатбек Нәжметдинұлы Қазақстанның жаһандық транзит хабына айналмай отырғанының себептерін атады.
Біріншісі – инфрақұрылым, жолдар мен теміржолдар халықаралық стандарттарға сай келе бермейді.
Екіншісі – логистика, мультимодальды терминалдар жүйелі түрде дамымай отыр.
Үшіншісі – цифрландыру, бюрократия мен баяу процесттер ағын қозғалысын тежейді.
Төртіншісі де жемқорлық, транзиттік әлеуетті дамытуға ең басты кедергілердің бірі.
Ол көрші елдермен транзиттік тасымалда тепе-теңдік жоқ екенін қоса кетті.
Қазір біз көрші елдермен транзит көлемінде әжептәуір теңсіздік бар екенін байқап отырмыз. Мысалы, қазақстандық тасымалдаушылар Өзбекстан арқылы 25-30 есе аз тасымалдайды. Маршруттардың ұзындығы да бірдей емес. Өзбек тасымалдаушылары біздің инфрақұрылымның 2100 шақырымын пайдаланса, біздікілер небәрі 600 шақырымын қолданады. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: Біз неге транзит тасымалында әділ тепе-теңдікке қол жеткізе алмай отырмыз? “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізінің құрылысына құйылған қаражат халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылды емес пе, бірақ оларды қайтару міндеті біздің бюджетке артылған. Біз отандық тасымалдаушылар үшін әділ шарттарға қол жеткізіп, теңсіздікті жоюымыз керек, - деді ол.
Депутат Болатбек Нәжметдинұлы Еуропада жол ақысының прогрессивті жүйесі жұмыс істейтініне тоқталды. Яғни тариф автокөліктің экологиялық санатына байланысты. Ал Қазақстанда барлық көлікке ставка бірдей. Депутат көліктің экологиялық стандарттарын ескеріп, ақылы жолдарда сараланған тариф енгізу қажет екенін айтады.