Еліміздің су қоймаларындағы жағдай белгілі болды

Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген су еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су ресурстары және ирригация  министрлігінің мәлімдеуінше, негізінен Жайық өзенінің арнасы бойынша Орал қаласы арқылы өтуде. Өңірде су тасқыны жалғасуда.

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқарып жатыр. Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасы белсенді су жинап жатыр. Қазір оларда 226 миллион текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 87%-ы.

Кіші Өзен бойындағы төрт су қоймасы 91%-ға толды, бұл шамамен 102 миллион текше метр су. Үлкен Өзен бойындағы үш су қоймасына 69 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 66%-ы. Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталды.

Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 859 см, бір тәулікте 2 см-ге төмендеді, БҚО Бәйтерек ауданы Чувашинское кентіндегі Шаған өзенінің деңгейі 739 см, бір тәулікте 3 см-ге төмендеді, Белес кентіндегі Дерқұл өзенінің деңгейі 231 см.

«Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасады.

Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Астана контрреттегішінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,75 млн текше метр су жіберіледі.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасы арқылы судың асып кету биіктігі 298 сантиметрге дейін төмендеді.

Осы сағатқа Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1300 см. Өңірдегі жағдай шиеленісті болып қала береді.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 81,6%.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 54%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейді.

Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Өзгелердің жаңалығы