Еліміздің студенттері Гонконгте грант арқылы оқуға мүмкіндік алады
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Ол Дүниежүзілік білім беру форумы аясында Гонконгтің Білім министрі Christine Choi Yuk-lin-мен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Гонконг университеттері әлемдегі ең үздік оқу орындарының рейтингіне кіретіні бәрімізге мәлім. Бүгін министр Christine Choi Yuk-lin-мен біздің министрлік және Гонконгтің Білім министрлігі арасындағы қол қойылады деп жоспарланған меморандумда көрініс табуы тиіс мәселелерді талқыладық. Соның бірі - Гонконг тарапының біздің студенттерге гранттар бөлуі. Қорытынды құжатқа осы жылдың жазында қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Christine Choi Yuk-lin-ге қазақстандық ғалымдардың Гонконгте «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде (әсіресе «DeepTech» бағыты бойынша зерттеулер мен әзірлемелер саласында) тағылымдамадан өту мәселесін қарауды ұсындым, - деп жазды министр.
Кездесу соңында министрге Қазақстанның жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу процесі туралы айтылған.
Осы тұрғыда әріптесімізден Гонконг жоғары оқу орындарының басшылығына біздің оқу орындарының ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығы, сондай-ақ қос дипломды бағдарламаларды енгізу және қазақстандық жоғары оқу орындарында филиалдар ашу туралы ақпаратты жеткізуді сұрадым, - дейді Саясат Нұрбек.