Еліміздің спортшылары биыл жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен рекорд жаңартты

2025 жылы отандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында тәуір нәтиже көрсетіп, жүлде жеңіп алу бойынша рекорд жаңартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары жаһандық додаларда спорттың сегіз түрінен 32 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 14-і алтын, 5-еуі күміс және 13-і қола. Атап айтқанда, отандастарымыз бокс, дзюдо, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо, садақ ату және нысана көздеу спортынан үздіктер қатарынан көрінді.

Бұл – тәуелсіздік жылдарында тіркелген ең жоғары нәтиже. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұған дейінгі үздік нәтиже 2023 жылы тіркелген еді. Сол жылы ұлттық құрама спортшылары 22 медаль (7 алтын, 5 күміс, 10 қола) жеңіп алған. Осылайша, 2025 жылы жалпы жүлде саны 10 медальға өсіп, алтын саны екі есеге артқан.

Әлем чемпионаттарында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар қатарында бокстан Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, дзюдодан Әбиба Әбужақынова, семсерлесуден ерлер құрамасы (Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов), садақ атудан әйелдер құрамасы (Виктория Лян, Адель Жексенбинова және Роксана Юнусова), сондай-ақ таеквондодан Айдана Құмартаева мен Нодир Ахмедов бар.

2025 жылғы әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Азия елдері арасында жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы (42 алтын, барлығы 120 медаль) топ жарса, Жапония (22 алтын, 67 медаль) – екінші, Оңтүстік Корея (14 алтын, 46 медаль) үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстан Азияда 4-орынға ие болды. Отандастарымыз 11 әлем чемпионатында 32 жүлде, оның ішінде 14 алтын медаль еншілеп, құрлықтағы көшбасшы елдердің бірі екенін дәлелдеді. Қазақстан ең жақын қарсыластарын алтын медаль саны бойынша басып озды. Бұл бағалаудың негізгі көрсеткіші саналады.

Отандық спортшылар 32 жүлдені жазғы олимпиадалық спорт түрлеріне енген 8 спорт түрінен жеңіп алғанын ескерсек, 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарынан да жақсы нәтижеге үміттенуге болады. Азия ойындары Олимпиададан кейінгі ең маңызды кешенді жарыс, елдің халықаралық спорттық мәртебесінің негізгі көрсеткіші екені белгілі.

Биылғы нәтиже ұлттық құрамалардың жүйелі дамуын, негізгі спорт түрлеріндегі орындардың нығаюын және жаңа бағдарламаларда тұрақты нәтиже қалыптасқанын айқын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы