Еліміздің қызылша өсірушілері өңдеуге 280 мың тоннадан астам өнім тапсырды
Биыл елімізде 11,7 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді. Республикада қызылша өсіретін негізгі өңірлер - Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстары, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АШМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осы өңірлерде қант қызылшасын өңдейтін негізгі өндірістік кәсіпорындар орналасқан. Отандық қызылша өсірушілер биыл өңдеуге 281 мың тонна шикізат тапсырды.
Бүгінгі күні мемлекет осы күрделі дақылды өсіруге жұмсалатын шығындарды ішінара субсидиялайды, сондай-ақ зауыттарға тапсырылған өнімді субсидиялайды. 2021 жылы өңірлердегі қызылша өсірушілер шамамен 3 млрд теңге алды.
2022 жылы субсидиялау нормативі 3 мың теңгеге ұлғайып, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасы үшін 15 мың теңгені құрады. Зауыттар шикізатты тоннасына 15 мың теңгеден сатып алады. Түптеп келгенде, шаруалардың өніміне 30 мың теңге төленеді.
2023 жылдан бастап субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, соның арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің әр тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады. Осылайша, қант қызылшасының рентабельділігі басқа дақылдардың деңгейіне жеткізіледі.
Бұдан бөлек, қант саласын дамытуды ынталандыру шеңберінде инвестициялық субсидиялау тізбесіне жаңа қант зауыттарының құрылысы енгізілмек, капитал салымдарының 25% мемлекет өтейтін болады.
Қызылша жинайтын комбайндар мен суару техникаларын сатып алуға өтемақы нормативін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Субсидиялаудың жаңа ережелері 2023 жылда бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында егістік алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.