Еліміздің қай өңіріне туристер аз келеді
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда келушілер саны бойынша қай өңір көш бастап тұрғаны жөнінде мілімет таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда орналастыру орындарының жалпы саны 4 167 жетті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 253 бірлікке артық. Аталған демалыс орындары 3,9 млн келушіні қабылдады, оның 14,2% – шетелдіктер.
Рейтингте қабылданған қонақтар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Жергілікті қонақүйлер 1 млн келушіні қабылдады. Екінші орында — 667,2 мың келушісі болған Астана. 252,9 мың келушіні қабылдаған Шымкент үшінші орында.
Туристер ең аз баратын облыс - Ұлытау, онда барлығы 13,6 мың келуші тіркелген.
Жарты жыл ішінде көрсетілген қызметтер көлемі 121,3 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,9% артық.
Өңірлер бөлінісінде қонақтарды қабылдаушы орын саны бойынша Алматы қаласы алғашқы орында – 385 орын, одан кейін Жетісу облысы – 361 орын және Ақмола облысы – 354 орын.
Орналастыру орындары – қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, демалыс үйлері, пансионаттар және келушілерді орналастыру мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа ғимараттар мен құрылыс нысандары.