Еліміздің медициналық ұйымдары 52 мыңнан астам жалған қабылдау өткізген

Жалған жазбалардың дені Астана қаласында (26 789 немесе 50,9%), Ақмола (5 774 немесе 11%) және Қызылорда (5 076 немесе 9,6%) облыстарында анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

2022 жылғы мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, қор сарапшылары 3 млн-нан астам кемшілікті анықтады. Салыстырар болсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн еді. Оның ішінде 403,3 млн теңгеге 52 621 жалған жазба жазылған.

Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, жалған жазбалардың көбі жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99%). Қалған 508 жалған жазба мынадай көмек түрлерінде кездеседі: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек түріндегі мамандандырылған медициналық көмек (тәулік бойғы стационар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.

Жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша жалған жазбалар 297 медициналық ұйымда анықталған. Оның 180-і (60,6%) – мемлекеттік, 117-і (39,4%) – жекеменшік.

«Құқық бұзған» денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты айыппұл салынады. Көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы тұрғысынан медициналық ұйымдардың міндеттемелері шарттық қатынастардың маңызды бөлігі болып саналады және Қор олардың орындалуын талап етуге құқылы.

Сондай-ақ Қор жеткізушілері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясында көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу аталған қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Яғни, медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен ережелерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтай отырып, құжатпен расталған ақылы қызметтер ғана төленеді.

Егер пациент алмаған қызметі үшін жалған жазба жазылғанын өздігінен анықтаса, бұл туралы медициналық сақтандыру қорына хабарлауы қажет. Шағым немесе өтінішті Қордың ресми сайты fms.kz арқылы беруге болады. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 телефонына хабарласуға мүмкіндік бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: elements.envato.com
Өзгелердің жаңалығы