Еліміздің медиа саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады – Бибігүл Жексенбай
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Парламент Сенаты депутаты Бибігүл Жексенбай отандық медианың қазіргі жағдайы мен дамуы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Президенттің БАҚ-қа қатысты айтқан пікірін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін" деді. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қаралып, Масс-медиа туралы жаңа заң қабылданғаны белгілі, - деді Бибігүл Жексенбай.
Сөзінше, Қазақстанның медиа саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Цифрлық технологиялардың дамуы, ақпараттық тұтыну мен сұраныстың артуы және геосаяси, экономикалық т.б. өзгерістерге байланысты контенттер көбеюде.
Бұл өз кезегінде жаңа платформалардың пайда болуымен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер әкелді. Отандық медиа сала жылдан-жылға өзгеріп, әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделенуіне сай интернет ресурстарында ақпараттың таралу жылдамдығы арта түсті. Қазақстанда медиа индустриясы креативті экономиканың маңызды бөлігі болып саналады, - деді Сенат депутаты.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2025 жылдың 6 қантарында елімізде тіркелген БАҚ саны 4802 болса оның 2981 мерзімді басылымдар, 229 телеарналар, 96 радио және 1193 ақпарат агенттіктері мен желілік басылымдар.
Ең көбі баспа басылымдары – жалпы тіркелген БАҚ 2981, оның ішінде газеттер – 1922, журналдар – 1059.
Сондай-ақ ол БАҚ-та ең жиі қандай тілдер қолданылатынына тоқталды.
БАҚ-та ең жиі қолданылатын тілдер – қазақ және орыс тілдері (1386 БАҚ). Тек орыс тілінде – 580, тек қазақ тілінде – 851, үш және одан да көп тілде (соның ішінде басқа тілдерде) – 1680 БАҚ таратылады. Шетелдік БАҚ-қа келер болсақ, 2025 жылғы 6 қаңтардағы жағдай бойынша БАҚ тізілімінде 303 шетелдік телеарна тіркелген. Елдер бойыншанақты айтар болсақ, Ресейде – 217, Ұлыбританияда – 20, АҚШ-та – 15, Эстонияда – 16, Францияда – 14, Түркияда – 6, Кипрде – 4, Арменияда – 1, Испанияда – 1, Люксембургте –1 және Польшада – 8, - деп нақтылады Бибігүл Жексенбай.
Сонымен қатар сенатор интернет-аудиторияның өсуі айтарлықтай жылдам және ол қазірдің өзінде планетаның жалпы халқының 67,1%-ын құрайтынын атап өтті.
Интернетті пайдаланушылар саны өсуде: ғаламдық желідегі халық бір жылда 178 миллион адамға өсті. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 92,4 % әлеуметтік желіде отыр, - деді ол.
2024 жылдың шілде айындағы мәлімет бойынша:
- 13 172 000 адам Facebook-ті пайдаланады, бұл ел халқының 67,2%-ын құрайды;
- 12 432 500 қазақстандық Instagram-ды қолданады, бұл халықтың 63,4%-ына тең;
- TikTok қолданушыларының саны 14,1 миллионға жетіп, барлық интернет пайдаланушыларының 77,5%-ын құрайды;
- YouTube платформасын пайдаланушылар үлесі 63,5%-ды құрайды.