Еліміздің Көкпар құрамасы командасы Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде бірінші орын иеленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанның Сухандария облысына қарасты Термез ауданында өткен халықаралық турнирге 6 мемлекеттен көкпаршылар қатысты.
Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.
Турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан және Мажарстан мемлекеттері шақырылған болатын. Алайда турнирге 6 мемлекет қатысты.
23-24 наурыз күндері өткен дүбірлі додада ел құрамасы ерекше ойын көрсетті. Ел құрамасы турнир жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген 200 млн сомды (8,6 млн теңге) қанжығаларына байланды.
Финалдық ойында Өзбекстан құрамасымен ойнаған жерлестеріміз 6:0 есебімен алаң иелерін ойсырата ұтты.
Халықаралық сайысқа Өзбекстанның өзінен 4 команда қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Өзбекстан Көкпардан Әлем чемпионын өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда коронавирус індетіне байланысты бұл чемпионат кейінге шегерілген. Дегенмен, қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына қарамастан Өзбекстан тарапы бұл чемпионатты өткізу-өткізбеу туралы ештеңе айтқан жоқ. Ал ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының 2022 жылғы күнтізбелік жоспарында қыркүйек айында ересектер арасында ІІ Әлем чемпионы өтетіні белгіленген.