Еліміздің инвестициялық ахуалды жақсартудағы жетістігіне арналған вебинар өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен бірлесіп, Қазақстандағы сот реформасының циклы және оның адамдар мен бизнеске бағдарланған сот төрелігін қайта құру үшін институционалдық және нормативтік базаны нығайтуға ықпалы қаралатын апта сайынғы вебинарлар сериясын ұйымдастырды.
2021 жылғы 12 мамырда «Қазақстанның бизнестік және инвестициялық климатты жақсартудағы тәжірибесі – Мемлекеттік органдардың қызметіндегі ашықтықты арттыру: әкімшілік заңнаманы мен процедураны реформалау» атты екінші вебинар сессиясы Zoom платформасы арқылы өтті.
Әділет вице-министрі Наталья Пан өзінің кіріспе сөзінде Әділет министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірге сот төрелігінің секторын институционалдық нығайту жобасы аясында көптеген жұмыстар атқарғанын атап өтті.
Ол жоба аясында жетекші шетелдік консультанттардың мемлекет үшін маңызды бірқатар заңдарға қолдау көрсеткендерін атап өтті.
Өз кезегінде халықаралық сарапшы Джордж Папуашвили (Грузия) жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (ӘРПК) ерекше назар аударды. Оның пікірінше, ӘРПК-ның новеллалары, мысалы, соттың белсенді рөлі және актіні қабылдаған органға дәлелдеу ауыртпалығын жүктеу принциптері, Қазақстандағы бизнестік және инвестициялық климатқа жағымды әсер тигізеді.
Вебинарда келесі баяндамашылар сөз сөйледі:
Валид Малик – Дүниежүзілік банктің мемлекеттік сектор жөніндегі бас маманы;
Кенжегалиев Арман – ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің директоры;
Джордж Папуашвили – Халықаралық сарапшы, Венециялық комиссиясының мүшесі, Грузияның Конституциялық сотының экс-төрағасы және экс-әділет министрі;
Ерлан Бузурбаев – Заң сарапшысы;
Алмат Габбасов – GIZ құқықтық жобасының ұлттық координаторы.
Осы топтама аясында, шетелдік және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен апта сайын өтетін тағы төрт вебинар жоспарланған. Әрбір вебинар Әділет министрлігі мен Жоғарғы Сотпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк пен ЭЫДҰ-ның қолдауымен жүзеге асырылған сот төрелігі секторындағы реформалардың жеке тобына арналатын болады.
Вебинарлардың келесі сессиясы 2021 жылдың 20 мамырына жоспарланды.