Еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келеді – Қошанов
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджетті нақтылау мәселесі жайлы айтып, Үкіметтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы экономикадағы жағдайдың күрделі екенін көріп отырмыз. Бұл әрине, бірінші кезекте депутаттарды алаңдатып отыр. Шынын айту керек, жылдан-жылға қайталана беретін проблемалар да көп. Бюджетті қалыптастыру кезінде, әсіресе кіріс бөлігі бойынша үнемі дұрыс болжам жасалмайды. Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары экономиканың нақты мүмкіндіктерімен қабыса бермейді, - деді спикер.
Қошановтың сөзінше, нәтижесінде, біз елдегі нақты экономикалық жағдайдан алшақ болатын бюджет шығыстарын нақтылаймыз.
Мемлекеттік органдар жыл сайын бюджетті қарау кезінде бізді мемлекеттік қазынаның теңгерімді екеніне сендіреді. Ал жыл соңында кіріс жеткіліксіз болып, Ұлттық қордың қаражатына жүгінеміз. Бұл жолы да Үкімет елдің қаржылық тұрақтылығы үшін нысаналы трансферт қажет екенін айтып отыр. Яғни, еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келеді. Бұл жете ойластырылмаған, кәсіби емес тәсіл деп айтуға болады, - деп айтты Мәжіліс төрағасы.
Оның пікірінше, Үкімет ішкі жалпы өнімнің өсуі, оң экономикалық қарқын туралы «әдемі» цифрлармен безендірілген баяндама жасайды. Ал іс жүзінде біз оны көріп отырған жоқпыз.
Қошанов шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болуы керегін және бірақ кәсіпкерліктің даму қарқыны және белсенділігі мардымсыз екенін айтты.
Біз инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бірақ кіріс түрінде көзге көрінетін нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанымыз анық. Мұның бәрі, ұзақ мерзімді жоспарларды айтпағанда, тіпті бір жылдық перспективаның экономикалық тұрғыдан дұрыс жоспарланбайтынын көрсетеді. Оның үстіне, ең негізгісі Үкімет келесі жылы бұл мәселені қалай шешетіні жөнінде өз ұстанымдарын депутаттарға көрсете алмай отыр. Жоғарыда айтқанымдай, қазірдің өзінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт жасауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, бүгін халықаралық банктерден тағы да қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялауға алып келдіңіздер. Соның салдарынан, ел бюджеті Ұлттық қор ресурстарына да, сыртқы қаржы көздеріне де тәуелді бола түсуде, - деп айтты Ерлан Қошанов.