Еліміздің бірнеше ауылына ұялы байланыс енді жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Шығыс Қазақстан облысы мен Атырау облысына қарасты бірнеше ауылға ұялы телефон байланысы мен интернет желісі тартылды.

ШҚО Катонқарағай ауданындағы Қызылжұлдыз және Поляковка ауылдарына ұялы байланыс желісі тартылды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аталмыш ауылдарға телемұнара орнатылып, іске қосылды. Қазіргі уақытта сигнал беру үшін 2 антенна орнатылған. Жақын арада 3 антенна орнатылады. Жаңа-Поляковка ауылында ұялы байланыс операторларының сигналы жұмыс істеп тұр. Тұрғындар еліміздегі бірнеше байланыс операторларын және 3G интернет жілісін қолдана алады, – дейді аудан әкімі Ренат Құрмамбаев.

Сонымен қатар, Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Үштаған​ ауылына да ұялы телефон байланысы, ғаламтор желісі іске қосылды. 

Қазіргі таңда ауылға қосылған ұялы байланыс желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Десе де, үштағандық оқушылардың мектепте штаттық режимде оқып жатқанын атап өтуіміз керек.

Үштағанда оқушылар 11 сыныпқа дейін оқиды. Мұндағы оқушылар саны 180-ге толмайтын болғандықтан, шағын комплектілі мектепке жатады. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері оқушылар мектепте офлайн форматта білім алуда - дейді Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызы.

Еске сала кетелік, Үштаған ауылы Құрманғазы ауданындағы Асан ауылдық округінің құрамына кіреді. Ауылдағы халық саны 711 адамды құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы