“Еліміздің беделіне нұқсан келтірді”. Депутат Akon-ға іш киімдерін лақтырған қазақ қыздарының әрекеті жайлы айтты

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыста Қазақстанға келетін шетелдік әншілерге талап қою керегін айтып, Akon-ның концертінде теріс қылық көрсеткен қыздардың әрекетін сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақта «жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Біз өз бағамызды да, өзгенің де бағасын білетін өнегелі жұрт едік. Өкінішке қарай, сол қасиетімізден айырылып, өзгенің жылтырағына талғамсыз табынатын еліктегіш болып барамыз. Өзгенің мәдени өнімдерін таразыламай, талғаусыз жұта беретін жағдайға жеттік. Тіпті онымен де тоқтамай, оларды қолдан пұт жасауға көштік, - дейді депутат.

Аманжол Әлтай атағандай, дана халқымыз ежелден аруын аялап, маңдайына үкі , бұрымына шолпы тағып үлпілдетіп өсірген, ұлынан да жоғары төрге отырғызып қымбаттысын қадірлей білген. Асылдың сынығы, шұғаның қиығы деп, көлденең көк аттының көз сұғынан қорғап, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген.

Қызым инабатты, арлы болсын деп тілеген ата-бабаларымыз бар асылын қызына кигізіп, жаман сөз естіртпей, еркелетіп еркін өсірген, бірақ есіртпеген. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде халқымыздың қыз баланың мінез-құлқына, әдебіне, тәрбиесі мен қылығына ерекше мән бергенін аңғарамыз. Себебі арудың ақ дидарында - ұлттың ұяты бар! Қыз тәрбиесі бұзылса, ұлт тәрбиесі әлсірейді, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Аманжол Әлтай жастарымыз TikTok пен Instagram-ның тұтқынына айналып кеткенін айтты.

Өкінішке қарай, жастарымыз Тик-Ток пен Инстаграмның тұтқынына айналған бүгінгі қоғамда ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтаған құндылықтарымыздан, ұлттық тәрбие өнегесінен ажырап барамыз. Нақты дәлел - күні кеше ғана Астанада өткен Akon-ның концертінде болған жағдайлар. Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті, - деп айтты ол.

Депутаттың сөзінше, «Smack that» әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды бар.

Сонымен қатар ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз деп санаймын. Біз мәдени атрибуттарымызды ілгерлетуде, насихаттауда талғамды болуымыз керек. Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы - қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие «Smack that», «Hypnotiser» сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын, - деді Аманжол Әлтай.

Депутат Үкіметке өз ұсыныстарын жолдады:

– Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс.

Айғайлағанның бәрі әнші емес!

  • Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын!

– Мәдени қауіпсіздіктің сақталуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын.

  • Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін.

– Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетлдіруі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы