Еліміздің батыс өңірлерін дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Бүгін Үкімет отырысында Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары ұсынылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді, -деді министр.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 трлн теңге екенін атап өтті.
Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді, - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.