Еліміздің барлық ХҚКО-сында жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр

Еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-сында төлемдердің дұрыс жүргізілгенін тексеру мақсатында жүк көліктерін, автобустарды және басқа да көліктерді есепке қоюдың заңдылығын тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚМА бастамасымен алдын алу жұмыстары аясында Агенттік, Цифрлық даму министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Тараптар жүк көліктері мен автобустарды есепке заңсыз қою жағдайларының жиілеп кету фактілерінің алдын алу шараларын талқылады. Кездесу барысында бүгінгі таңда алаяқтар қолданған 4 негізгі схема анықталғаны атап өтілді.

ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мұндай кездесулер алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тұрудың бірлескен тетіктерін әзірлеу мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті. 

Қылмыстық жауапкершілік шаралары ғана мәселені шеше алмайды. Болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық мүдделі тарапты тыңдау қажет. Біздің басты міндетіміз – алдын алу шараларын жүргізу, - деді Бижанов.

Цифрландыру вице-министрі Асқар Жанбакин өз кезегінде ақпараттық жүйелердің толық интеграциясы жүргізілгенін хабарлады. Бұл VIN енгізу кезінде авто туралы барлық деректі автоматты түрде ақпараттық жүйеден тартуға және төленуге жататын алымдар мен төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді. Жүйені жаңарту ХҚКО қызметкерлерінің автокөлік туралы деректерді «қолмен» енгізуге жол бермейді.

Айта кетейік, 2023 жылдың тамыз айынан бастап ҚМА 23 қылмыстық іс тіркеді. Аталған істер бойынша 3 мыңға жуық автокөлік өтуде. Мемлекетке келтірілген залал 14 млрд теңгеден асты. Тараптар осындай құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың өзекті тетіктерін әзірлеу үшін осы бағытта одан әрі бірлесіп жұмыс істеу туралы уағдаласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы