Еліміздің авиациялық әкімшілігі және Boeing компаниясы әріптестік туралы меморандумға қол қойды

ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Boeing компаниясымен бірлесіп, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен әуе компанияларды жоспарлауға байланысты семинарды ұйымдастырды. 

ИИДМ-нің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  аталған іс-шара таяуда ғана Астанада өткізілді.

Семинардың мақсаты – отандық авиация өнеркәсібінің болашақ дарынды мамандарын жинап, аталған саланы дамытуға мүдделі тұлғалардың басын біріктіру. Осы іс-шарада әуе компаниялардың стратегиялары мен бизнес-модельдері, нарықтағы сұраныс, әуе желісі мен флотты жоспарлау, ұшақтарды пайдалану мен жарамдылық сипаттамалары, әуе компаниялардың экономикалық көрсеткіштері, шығындарды талдау, сондай-ақ авиация өнеркәсібінің тұрақты дамуы сынды жоғары сұраныстағы тақырыптар қамтылды.

Мұнда Air Astana, Fly Arystan, Qazaq Air, SCAT, сондай-ақ Алматы, Астана және Ақтау халықаралық әуежайларының тұрақты жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын компаниялардың өкілдері және «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазаэронавигация» кәсіпорны, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мамандары жиналды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің биылғы жетістіктері мен атқарылған жұмыстарымен жуырда ғана танысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевпен бірге аталған семинардың жұмысымен де танысқанын айта кету керек. Жауапты ведомствоның басшысы Boeing компаниясының өкілдеріне және осы семинардың өткізілуіне атсалысқан авиациялық әкімшілікке ризашылығын жеткізді. Бұған қоса министр мұндай іс-шаралардың отандық мамандардың білім деңгейін арттырып, ынтымақтастықтың жемісті нәтижесін көрсететінін айтты.

Осы семинардың соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды. 

Бұдан бөлек аталған іс-шара кезінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду және Boeing компаниясының Ресей мен ТМД-дағы сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Монте Фрейзер әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында тараптар ұшу қауіпсіздігі салаларындағы екіжақты байланысты кеңейтіп, еліміздегі авиация саласын дамытуда шетелдік әріптестер өз тәжірибелерімен бөліседі. 

Бұған дейін биыл сәуір айында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің ұйытқы болуымен Сиэтлдегі (АҚШ) Boeing зауытына барып қайтқан еді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы