Еліміздің Әскери-теңіз күштері сарбаздармен толықты

Ақтау гарнизонының Әскери-теңіз базасына пойызбен 3 мың шақырымнан аса жол жүріп өтіп, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан әскерге шақырылғандардың алғашқы легі жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жас сарбаздарды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен күтіп алды. Матростарға бөлімшенің командалық құрамы таныстырылып, олар қызмет ететін әскери бөлімнің тарихы жайлы айтылды.

Бастапқыда әскерге келгендер негізгі оқу пәндерінен бір айлық жалпы әскери дайындық курсынан өтеді. Сабақтарды аса тәжірибелі және барынша дайындалған офицерлер мен старшиналар жүргізеді.

Борышымды өтеу үшін мен Павлодар облысынан келдім, өйткені Отанды қорғау – Қазақстанның әрбір азаматының борышы деп санаймын. Мен әскери теңізші деген атақты абыроймен алып жүруге тырысамын. Бір жыл көзді ашып жұмғанша, тез, бастысы пайдалы нәрсе үйренуге кетеді деп ойлаймын, –  деді әскерге жаңа келген Аян Масықбаев.

Жас жауынгер курсынан және әскери ант беру рәсімінен кейін теңізшілер Әскери-теңіз күштерінің әр түрлі корабльдер дивизионындағы жауынгерлік корабльдерде қызмет ететін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы