Еліміздің әскери қызметкері ТМД-ның үздік ғалымы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ғылыми халықаралық конференция және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ғалымдарының «Үздік жас ғалым – 2021» халықаралық кітап топтамасының үшінші нөмірінің тұсаукесері өтті.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің офицері капитан Дәурен Қасенов бірінші дәрежелі дипломмен және «ТМД-ның үздік жас ғалымы – 2021» медалімен наградталды.

Оның конкурстық жұмысы Қазақстанның күрт континенттік климатында ұшқышсыз ұшу аппараттарының мұздану проблемасын шешумен байланысты болды.

Капитан Дәурен Қасенов жетекші отандық және шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған 30-дан астам ғылыми мақаланың авторы, үш кітап басылымының тең авторы, авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы төрт куәліктің және пайдалы модельге бір патенттің иесі болып табылады.

Ағымдағы жылы ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми-зерттеу тобының құрамында отандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратын жасау бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулерге қатысты.

Әскери қызметші өз қызметінде «Бүгін мүмкін емес нәрсе ертең іске асырылуы мүмкін» деген ұранды басшылыққа алады. Бұл – теориялық космонавтиканың негізін қалаушы Константин Циолковскийдің сөзі, ол зымырандарды, жасанды спутниктерді, орбиталық станцияларды ұшыруды және адамның ғарышқа шығуын алдын ала болжаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы