Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеуі қажет – Қарин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік хатшы Ерлан қарин Алматыдағы концерт кезінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет, - деп жазды Ерлан Қарин.
Қарин туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлағандар құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын, - деп жазды Қарин.