Еліміздің алты өңіріндегі 44 елдімекенде көлік қатынасы үзілді
ТЖМ еліміздегі су тасқынына байланысты құрылған жедел штабтардың 30 наурыз, сағат 16-00-дегі жағдай бойынша есебімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі таңда ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 3,5 млн астам шаршы метр қар суы сорылды, 288 мыңнан астам қапшық және 44,7 тонна инертті материал төселді.
Шұғыл байланыс желілеріне 459 қоңырау келіп түсті, 13 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр.
Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарында 8 811 адам, оның ішінде 3 183 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 5 467 адам, оның ішінде 1 977 бала орналастырылды. Бұл ретте тартылған тік ұшақтармен 666 адам, оның ішінде 242 бала эвакуацияланды. 30 тас жолдың шайылу, оның ішінде 4 көпір және 26 жол төсемі жағдайы бақылауда, - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе және Абай облыстарында көлік қатынасынсыз қалған 44 елдімекен бар.
Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ұлытау және Ақмола облыстарының әкімдіктері жергілікті ауқымдағы ТЖ режимдерін жариялады. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6000-нан астам адам, 2000-ға жуық бірлік техника, 644 бірлік су айдау құралдары және 61 бірлік жүзу құралдары, 12 әуе кемесі ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, ҰҰ, жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды, - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.