Еліміздің 3 қаласы ерекше мәртебеге ие болды

Бұл шешім "Тарихи қадам" атты Алматыда өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында құпталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрылтай аясында белгілі болғандай, Қазақстанның үш қаласына "Еңбек даңқының қаласы – Город трудовой славы" деген мәртебе берілмек.
ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына "1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқының қаласы" құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Үш қаламызға жаңа титул Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде тапсырылмақ. Ары қарай ресейлік және өзге басылымдар бұл қалаларды атағанда осы атағын қоса айта алады.
Бұл ретте Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Алматының, Астананың және Қарағандының зауыт-кәсіпорындары тоқтаусыз жұмыс істеп, әскери және азаматтық өнімдерді мол шығарғаны, жоспарды бірнеше есе асыра орындағаны атап өтілді.
Бұл қалалардың тұрғындары жаппай еңбек қаһармандығын, зор қажыр-қайрат, жеңіске құштарлық танытты. Осы себепті қалаларға "Еңбек даңқының қаласы – Город трудовой славы" мәртебесін беру туралы ұйғарым жасалған.
Қазақстандық қалаларға ТМД ұйымы берген мәртебе тек қағаз жүзінде қалмайды. Ұйымның атқару комитетінің хабарлауынша, Астананың, Алматының және Қарағандының кіреберісінде жергілікті билік осы қалалардың жаңа мәртебесі туралы ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі қабылдаған шешімнің мәтіні жазылған және тиісті гербі бейнеленген жаңа стеллалар орнатуы керек.
Өз территориясында Еңбек даңқының қаласы орналасқан елдердің билігі және уәкілетті органдары Ұлы Отан соғысының әскери-тарихи және еңбек мұрасын қатаң сақтау бойынша шаралардың үнемі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндеттеледі! Сондай-ақ, мемлекеттік билік тұрғындардың, бірінші кезекте жастардың арасында Ұлы Отан соғысындағы жеңісті дәріптейтін патриоттық тәрбие және басқа да іс-шараларды тұрақты жүргізуге міндеттеме алады, – деп хабарлады ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі.
Соған қарағанда, ел Үкіметі өткір бюджет тапшылығы кезеңінде өзге қалалардың бюджетіне салмақ түсірмеу үшін тек осы үш қаланы ұсынғанға ұқсайды. Әйтпесе, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның әрбір қаласы мен ауылы жеңіс үшін барын салды, әрқайсысы еңбек саласында қаһармандық жасады.
Бұл жерде осы үш қалаға ғана атақ беру туралы ұсыныстың Қазақстан тарапынан болғаны айтылды. Республика тиісті тізімін ұйымның Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіне бағыттапты.
Ол құпталғаннан кейін, тиісті тізім Алматыда өткен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында қаралды және мақұлданды.
ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі "Еңбек даңқы қаласы. 1941-1945 ж.ж." деген құрметті атақты 2024 жылғы 8 қазанда, Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі тағайындағанын мәлім етті.
Сол саммитте президенттер қол қойған ережеге сәйкес, бұл мәртебе "тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан, ал, қала аумағындағы кәсіпорындары майданды әскери және азаматтық өнімдермен үздіксіз қамтамасыз еткен қалаларға" берілетін болады.
Бұл атақты тағайындау үшін кандидат қаланың сол кездегі тұрғындарының 1941-1945 жылдары еңбек қаһармандығы мен қажымас қайрат танытқанын, соның ішінде майданға, Ресейге қанша және қандай өнімдер жолдағанын айғақтайтын құжаттар негіз болады.
Бұдан бөлек, ол қалалардағы кәсіпорындардың Кеңес одағының мемлекеттік наградалармен марапатталуы, өндіріс орындары жұмысшыларының ерен еңбек сіңіргені үшін кеңестік мемлекеттік наградаларды алуы, сондай-ақ КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің көшпелі Қызыл туының тапсырылуы есепке алынады.
ТМД атқару комитеті өзінің нақты қандай қалалары бұл құрметті атаққа лайық екенін, яғни, кандидат қалалардың тізімін әр ел өз бетінше анықтайтынын түсіндірді.
Содан кейін республика тиісті өтінішті Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңеске жолдайды. Оны кеңес құптаған соң, "Еңбек даңқы қаласы. 1941-1945 ж.ж." құрметті атағын тағайындау туралы ұсыныс ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің қарауына енгізіледі.
Ресейлік Lenta.ru жазуынша, "1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқы қаласы құрметті атағын беру" туралы федералдық заңды 2019 жылғы 14 желтоқсанда Мемдумаға Владимир Путин енгізді. Ресейлік депутаттар заңды 2020 жылғы 20 ақпанда қабылдады. Содан бері, 2020-2025 жылдары Ресейде 38 қала "Еңбек даңқы қаласы" мәртебесіне ие болды.
2020 жылғы 29 маусымда ТМД Парламентаралық ассамблеясы Ресейде "қалаларға Еңбек даңқы қаласы құрметті атағын беру тәжірибесін" басқа елдерге де тарату бастамасын мақұлдады. Енді өмірге жолдама алды.
ТМД атқару комитеті ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері 2025 жылғы 9 мамырда Мәскеуге жиналып, Жеңістің 80 жылдығын бірге тойлайтынын еске салды. Сондай-ақ, 2025 жыл ТМД кеңістігінде "Бейбітшілік және нацизммен күрестегі бірлік жылы" деп жарияланыпты.