Елімізде 8 141 сайлау учаскесі жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 07:00-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. 

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов онлайн-брифинг кезінде мәлім етті. 


Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтардағы Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 07:00-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Сондай-ақ 12 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 12 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Қазақстан Республикасында барлығы 10 060 сайлау учаскесі бар. Соның ішінде 66 сайлау учаскесі 53 шет мемлекетте орналасқан. Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заң шеңберінде конституциялық аумақтық сайлау комиссиялары қабылданған шешімдерге сәйкес, 47 учаскеде дауыс беру таңғы 06:00-де басталды. Тек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында дауыс беру уақыт белдеуі арасындағы айырмашылыққа байланысты қалған өңірлерге қарағанда бір сағатқа кеш басталып, кеш аяқталады. Яғни Нұр-Сұлтан уақытымен 08:00-де басталады, - деді Асылбек Смағұлов.


Айта кетейік, биылғы сайлауға бес партия қатысып жатыр. Олар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Nur Otan партиясы, ADAL саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы». Мәжілістің 98 депутаты партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан Халқы Ассамблеясының атынан келеді.

Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Республикада 11,9 миллионнан аса сайлаушы тіркелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Асқар Мамин дауыс берді
Өзгелердің жаңалығы