Еліміздегі теміржол тасымалы заң аясында дамып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен хабарланғандай, заң жобасы жолаушылар тасымалын субсидиялау жүйесін оңайлатуға, жасырын транзитті болдырмауға және кірме жолдарды тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған. Жалпы ол 3 негізгі бағыттан тұрады.
Бірінші бөлім жолаушылар тасымалын субсидиялау тетігін жақсартуға және қолдауға бағытталған. Бұл сала мемлекеттік бюджеттен бірнеше шығыс баптары бойынша қаржыландырылады және шығынды болып табылады. Оған вагондарды күтіп ұстау, оларды жалдау ақысы және сатып алу, вокзал шаруашылығы, сондай-ақ локомотивтік тарту және магистральдық темір жол желілерінің қызметі әсер етеді.
Заң жобасының екінші бөлімі "жасырын транзит" кестесімен жүк тасымалдауға жол бермеуге бағытталған. Мұндай кесте бойынша жүк Қазақстан аумағына импорттық режимде кіргізіліп, басқа елдерге экспорттық режимде қайта жөнелтіліп отырады. Осылайша жүкті жөнелтушілер экспорт-импорттық мөлшерден 4 есе жоғары транзиттік тарифті төлеуден қашады. Оның нақты мысалы ретінде Ресейден әкелініп, әрі қарай Орта Азия елдеріне жіберіліп отырған сүректі айтуға болады.
Осылайша, заң жобасында жүк жолдары бойында жүкті қайта тиеу, ауыстырып тиеу және көлік түрін ауыстыруды қарастыратын "жүк транзиті" деген түсінік енгізілген. Оған қоса, тасымалдаушыға тауармен бірге жіберілетін құжаттарды тексеруге құқық беріледі. Сондай-ақ жүк жіберушінің өкілі жүк жіберілетін датаға бір тәулік қалғанда тасымалдаушыға жүк транзиті туралы жазбаша хабарлама жіберуі керек.
Үшінші, қорытынды бөлімі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында кірме жолдардың қызметтерін ұсыну және бағасын белгілеу тәртібін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі уақытта кірме жолдарды сатып алған жағдайда жаңа меншік иелері жоғары инвестициялық саясатымен жоспарлы көрсеткіштері негізінде жоғары тарифтерін қорғайды. Тармақтың меншік иелері меңзерлік ауыстыруды үлестес компанияларға сатып, олар өз қызметі үшін ақыны жоғары етіп қояды. Сонымен қатар, өз беттерінше жолдарды жауып тастап, келісімде кіріптар шарттарын таңып жатады. Оған қоса, кірме жолдың иесі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитет бекіткен тарифті басқа жолдарға қалдырып, тарифті өз компаниясының жалпы шығындарына қарай бекітіп алады. Және меншік иелері жоспардағы көрсеткіштер негізінде қорғалған тарифтің өтемақысын төлеместен, жолдарды жүк жіберушілерге сататын.
Өз кезегінде жүк жіберушілер вагондары өтетін жолдың сатылғаны туралы біле бермейді. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы» АҚ станциялық жолдарды кірме жолдар ретінде сатып, бірақ оларды Министрліктің бұйрығымен бекітілген станциялық жолдар тізімінен шығармайды. Сондай-ақ іс жүзінде меңзерлік ауыстыру арқылы вагондардың өткені үшін тағы ақы алады. Ал ол кірме жолдың ажырамайтын бөлігі болып табылады. Нәтижесінде монополистердің осындай іс-әрекеттері ақырғы тұтынушыға кері әсер етеді, оның ішінде өнімнің өзіндік құны артады.
Осыған орай заң жобасымен келесі шаралар атқарылады:
- жүк жіберуші енді меңзерлік ауыстыру арқылы өткені үшін ақы төлемейді;
- тармақ иелері жолды жүк жіберушімен келісім-шарт жоқ жағдайды есептемегенде, оған жөндеу жүргізілген кездерде ғана жаба алады;
- сатып алынған жолға жаңа иесі жаңадан тариф бекітеді;
- жолды сатқан кезде тармақ иелері оны пайдаланатын жүк жіберушіге хабарлауға міндетті. Және жүк жіберуші тендерде ол кірме жолды сатып алуға басым құқыққа ие болады;
- кірме жолдарды сату жөніндегі мәмілелер Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетпен келісілуі тиіс;
- станциялық жолдарды тиісті тізімге енгізу және алып тастау тәртібі бекітіледі.
Осының барлығы жүк жөнелтуші компанияларға әлеуметтік-экономикалық жағынан оң әсер етіп, транзиттік тасымалдардан түсетін кірісін арттырады және оған бюджеттен қосымша қаражат бөлудің қажеті жоқ.