Еліміздің санэпидемиология саласында 23 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың 10 айында бақылау және қадағалау объектілеріне жүргізілген тексерулер мен профилактикалық бақылаудың қорытындысы жарияланды. Бұл туралы ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлады Елорда Инфо.
10 айдың қорытындысы бойынша бекітілген кестеге сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласында 28 336 нысан тексерілді. Бұл жоспардың 60%-ы. Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталып, жалпы сомасы 1 млрд 621 млн теңгеге 20 мыңнан астам әкімшілік жаза қолданылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласында жоспардан тыс 14 103 тексеру жүргізіліп, 3 962 бұзушылық анықталды. Оған сәйкес, 351 млн теңгеге әкімшілік жаза қолданылды. Бекітілген критерийлерге сәйкес, тексеру нәтижелері бойынша кемінде 60 балдан жинаған 3 434 (12%) нысан келесі жылғы тексеруден босатылды, - деді Людмила Бюрабекова.
Сонымен қатар, 6,5 мың нысан санитарлық-эпидемиологиялық аудитке көшті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бізде санитарлық-эпидемиологиялық аудит нормасы бар. Қазір көптеген ұйым осы аудитке көшіп жатыр. Бұл бәсекелестік орта. Мұндай нысандардың саны 6,5 мыңнан асады, - дейді ол.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында кәсіптік бақылау кестесіне сәйкес, жоспардағы 289 (56%) нысан тексерілді. Жоспардан тыс 488 тексеру жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша 416 жағдайда бұзушылық анықталып, 38,6 млн теңгеге 201 әкімшілік жаза қолданылды.
Негізгі бұзушылықтар – рецептісіз босату және дәрілік заттарды сақтау ережелерін сақтамау.
Оның ішінде, медициналық қызмет саласында 363 нысан бақылаумен қамтылған. Жалпы сомасы 9,8 млн теңгеге 361 әкімшілік хаттама жасалды.