Елімізді газдандыруға қай елдің инвесторлары тартылғаны белгілі болды

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев республика халқын газдандыру жұмыстарына 90,4 млрд теңге бөлінгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр 2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65%-ға дейін жеткізу жоспарланғанын айтады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газдандыру деңгейі 60% ( еск- 12 млн адам газға қол жеткізе алады) жетті. Осы жылы газдандыруды жалғастыруға 90,4 млрд теңге бөлінді, бұл 244 мың адамды газбен қамтамасыз етуге немесе газдандыру деңгейін 61,1% - ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ел тұтынушыларын және іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Аталған жобалардың ішінде: 
- «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу (жылына 15 млрд м3);
– «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын салу (жылына 4,1 млрд м3);
- «Сарыарқа» МГ 2, 3, 4 кезеңдерін салу (жылына 1,7 млрд м3); 
- «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу (жылына 385 млн м3).

Ведомство басшысы жобаларды іске асыру үшін сыртқы инвестицияларды тарту жоспарланғанын айтты.

Мемлекет басшысының жақында Қатарға жасаған сапары барысында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» және «Ақтөбе-Қостанай» 2-ші желісін салу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша қатарлық инвесторлармен (Power International Holding) келісімдерге қол қойылды, - дейді Энергетика министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы