Еліміздің бірнеше облысында дауылды ескерту жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазгидромет 13 маусымға қарсы Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.
Ақмола облысының басым бөлігінде күндіз жаңбыр жауады. Кей жерлерде найзағай ойнап, дауыл соғады, бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстіктен соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Өңірдің жекелеген аумағында өрт тұтану қаупі болады.
Көкшетауда күндіз найзағай, бұршақ жауады. Оңтүстіктен соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы секундына 15-18 метрді құрайды.
Атырау облысында 35-39 градусқа дейін қатты ыстық болады. Бесінші санаттағы өрт қаупі туралы ескертілуде. Атырау қаласында күндіз 37-39 градус ыстық сақталады.
Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай, дауыл, бұршақ болжанады. Оңтүстік батыстан соғатын жел солтүстікке ауысып, жылдамдығы түнде және күндіз 15-20 м/с болады.
Қызылорда облысында 40 градусқа дейін қатты ыстық болуы мүмкін. Күндіз 15-20 м/с шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады.
Маңғыстау облысының оңтүстігінде 41 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.