Еліміздің 4 өңірінде көтерме-тарату орталықтары іске қосылады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтің кезекті отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қалай жүзеге асырылатынымен бөлісті.

«Сүт бағдарламасы бойынша сүт өндіруді 10 жылда 1 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Оның индикативтік көрсеткіштері анықталған. 2027 жылға дейін қуаты 400 бас сиырдан басталатын 139 өнеркәсіптік сүт фермасын, 400 басқа дейін сиыр ұстайтын 527 отбасылық сүт фермасын ашу жоспарлануда. Ал құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде алдағы 10 жылда құс етін өндіруді 3 есеге, яғни 200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл сырттан келетін құс етін тоқтатып, өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Ол елімізде Елбасының тапсырмасы бойынша егістік жерлерді әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Алдын ала деректер бойынша, 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,3 млн гектарға егу жоспарланып отыр. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 290,7 мың гектарға көп.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу көзделіп отыр. Өткен жылы 65 мың гектар жер пайдалануға енгізілсе, биыл 124 мың гектар жерді айналымға тарту қажет. Ал әзірленген салалық бағдарлама 1,5 млн гектар суармалы жерді жаңадан айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Осы міндетті шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік схемасы бойынша қаржыландыруға көшу керек», - деді ведомство басышысы.

«Қостанайда астықты құрғақ ағуызды заттек, крахмал етіп өңдейтін және 1 млн. тонна құрамажем өндіретін заманауи кешен құрылысы басталып жатыр. Жамбыл және Павлодар облыстарында екі қант зауытын салу жоспарланып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу үшін көтерме-тарату орталықтарын салу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар базарлар мен логистикалық орталықтарға қарағанда, делдалдарды алып тастауға мүмкіндік береді, ал бұл ірі қалаларда бөлшек сауда бағасының төмендеуіне алып келеді», - деді Шөкеев.

Оның айтуынша, көтерме-тарату орталықтары ең алдымен Қарағанды, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылатын болады.

«Биыл Қарағанды қаласында алғашқы көтерме-тарату орталығын ашамыз. Альфарух компаниясы оның құрылысын аяқтауға жақын. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл 1 тоқсанда 15 субсидиялау бағыты, 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік көрсетілетін қызмет толықтай автоматтандырылатын болады. Бұл, орта есеппен алғанда, қызмет көрсету мерзімін 2,5 есеге, яғни 18 күннен 7 күнге дейін қысқартады», - деді министр.

Ақмарал Шағатай

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы