Еліміздегі қоғамдық кеңес өкілдері Жолдауды талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері онлайн режимде өткен дөңгелек үстел барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа бастамаларын талқылады.
Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет өз сөзінде Президент Жолдауының негізгі мақсаты - әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру екенін атап өтті. Ол үшін қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін рухани, тарихи құндылықтарға негізделген қағидаттар қажет. Осы мақсатта Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінгі таңда қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру жөніндегі заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Оның шеңберінде кеңестердің сапалық және сандық құрамын жақсарту, олардың жұмысының тиімділігі мен жариялылығын арттыру көзделеді.
Талқылау барысында қоғамдық кеңестер мүшелері президенттік Жолдауда мемлекеттік саясат тәсілдерін түбегейлі өзгертетін бірқатар жаңа бастамалар қамтылғанын ерекше атап өтті.
Қоғамдық кеңестердің өкілдері Мемлекет басшысының азаматтардың мүдделерін қорғауға және олардың мемлекетті басқаруға қатысуына бағытталған бастамаларын қолдады.
Бұл - квазимемлекеттік секторда Қоғамдық кеңестер құру, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу, мәслихаттардың тексеру комиссияларын күшейту, реформалар мен ұсыныстарға бастамашылық ету үшін онлайн-петиция институтын құру.
Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар Президент Жолдауында айтылған барлық шаралар қоғамның өзекті сұраныстарына жауап беретінін және «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бекітуге ықпал ететінін атап өтті.